Депутат сот-медицина сарапшыларының жұмысын сынға алды

15 Қаңтар 2020, 16:22
1693
Бөлісу:
Депутат сот-медицина сарапшыларының жұмысын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте өткен пленарлық отырыс барысында депутат Сауытбек Абдрахманов Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар атынан премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына депутаттық сауал жолдады. 

Өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездесулер өткізу бізге нақты өмірмен жақынырақ танысуға, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді халықтың өз аузынан естуге мүмкіндік береді. Сізге жолданылып отырған депутаттық сауал да сол кездесулерде қойылған сұрақтардан туындап отыр. Сот-медициналық сараптама саласында ілгерілеушілік байқалмайды. Бұл салада қазір де маман жетіспеушілігі қатты сезіледі. Ал сот-медицина сарапшылары бар аудандарда мынандай қиындық алдан шығуда. Сот-медициналық сараптама қазір Денсаулық сақтау министрлігіне емес, Әділет министрлігіне қарайтынына байланысты сот-медициналық сарапшылар өздері жұмыс істейтін ауруханалардың бас дәрігерлеріне тікелей бағынбайды, - дейді депутат. 

Оның айтуынша, сот-медицина сарапшылары қызмет бабында жұмыс күндері өз міндеттерін атқарғанымен, сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді, ол күндері кезекшілік атқармайды. 

Соның салдарынан тосыннан келген ажал жағдайында (операция үстінде, жол-көлік оқиғасынан, құрылыста немесе өндірісте жарақат алудан, кісі қолынан келетін өлім) сараптама (вскрытие) жасалуға тиісті мәйіт дүйсенбіге дейін ауруханада немесе мәйітханада сол күйінде жатып қалатын жағдай жиі кездеседі. Мұның аяғы марқұмның денесін төртінші, тіпті кейде бесінші күні ғана жер қойнына беруге ұрындырады. Бұл қай жағынан да өте ауыр, - деп сөзін жалғады Сауытбек Абдрахманов. 

Депутаттың айтуынша, оған мұңын шаққан адамдар сот-медицина сараптамасы қызметін Әділет министрлігінен қайтарып, Денсаулық сақтау министрлігіне беруді ұсынған. 

Біз олай ету дұрыс деп санамайтынымызды, кез келген саланың қызметіне баға беретін сараптама сырттан жасалуы жөн екенін айттық. Бірақ мәселені мынандай жолмен шешуге болатын сияқты көрінеді. Сот-медицина сарапшыларының демалыс немесе мереке күндеріндегі кезекшілігін белгілеп ойластырылса дейміз. Әрине, ол кезекшілердің сол күндері жаманат болып қала ма деп ауруханада тәуліктеп отыруы міндет емес, әйтсе де сол күндері ұялы телефоны қосулы, оның үстіне жұмыс бабында, яғни тосыннан шақыруға дайын тұруы міндетті деп саналса дейміз, - деді депутаттық сауалында Абдрахманов.


Өзгелердің жаңалығы