Сот алдында жауап берген әнші Рахат Тұрлыхановтың жұбайы мәлімдеме жасады

10 Қаңтар 2024, 16:26
5239
Бөлісу:
Сот алдында жауап берген әнші Рахат Тұрлыхановтың жұбайы мәлімдеме жасады
VIDEO
Фото: instagram.com/rakhat_turlykhanov

Отбасында зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған әнші Рахат Тұрлыханов пен оның жұбайы Алтынай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарастырған болатын. Сот барысында әнші кінәсін толық мойындаған. Өз ісіне өкінетінін айтқан ол екі тараптың келісімге келгенін алға тартып, істің тергелуін тоқтатуды сұраған. Дегенмен сот оған ескерту түрінде жаза кесті.

Бүгін Рахат Тұрлыханов пен оның жұбайы әлеуметтік желіде видео түсіріп, барша қазақстандықтың алдында мәлімдеме жасады.

Бәріңізге сәлем жолдаймын. Мен Рахат Тұрлыханов және жұбайым Алтынай екеуміз соңғы жаңалықтарға қатысты түсініктеме беріп, мәлімдеме жасағанымыз дұрыс болар деп шештік. Бұл ретте оқиғаның мән-жайын Алтынайдың өз аузынан естігендеріңіз дұрыс болады, - деп бастады Тұрлыханов.

Оның сөзін жалғастырған жұбайы Алтынай Рахат екеуінің арасында ұрыс-керістің болғанын растады. Бірақ қазір араларында бәрі жақсы екенін, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтып өтті.

Өзім түсініктеме беруді жөн санадым. Рахат екеуміздің арамызда бәрі жақсы. Рахат - аяулы жар, сүйікті әке, мейірімді адам. Отбасымызда ұрыс-керістің болғаны рас. Басқа отбасылардағыдай бізде де түсінбеушілік болып тұрады. БАҚ өкілдері істің байыбына бармай, оны жаман жағынан көрсетіп, жаңалық таратып жатыр. Сіздердің алаңдаушылық білдіріп отырғандарыңызды түсініп отырмыз. Бірақ уайымдауға себеп жоқ. Бізде барлығы жақсы. Баршаңызға қайырлы күн тіледім, - деді әншінің жұбайы.

Айта кетейік, әнші Рахат Тұрлыханов – Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың жиені. Ол кезінде "Азем", "Асыл әже" атты әндерімен танымал болды. 

Өзгелердің жаңалығы