Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров биылғы үш тоқсанның қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Кездесуде Наиль Ахметзакиров жақында өткен судьялардың IX съезінде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері аясында бірқатар басым бағытты атап өтті.
Атап айтқанда, соттарды одан әрі оңтайландыру, инфрақұрылымды дамыту, инновациялық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен сот ісін жүргізуді жеңілдету, эксаумақтық соттылықты кеңейту туралы әңгіме болды. Жұмыс нәтижелері туралы Астана, Шымкент, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстары СӘ департаменттерінің басшылары есеп берді, - делінген хабарламада.
Департамент басшылары Елдос Жұмақсанов пен Берік Мейірханов Астана мен Шымкент қалаларында жүргізіліп жатқан жалпы юрисдикциядағы аудандық соттардың бірігуінің оң нәтижесін атап өтті.
Оңтайландыру судьялардың жүктемесін теңестіруге, бюджет шығындарын қысқартуға, соттылыққа қатысты даулардан туындаған қағазбастылықты жоюға және жеке шағымдардың санын азайтуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Жоғарғы Сот төрағасының тапсырмасы бойынша басқа өңірлерде де осындай оңтайландыруды жүргізу мүмкіндігі зерттеліп жатыр.
Сондай-ақ жиында ІТ-өнімдерді пайдалану нәтижелері де айтылды.
Сот орындаушыларының санкциялау қаулыларын және сот бұйрығын шығаруына роботтандырудың енгізілуі соттардағы бизнес-процестерді айтарлықтай жеңілдетті, бұл жалпы алғанда аталған істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасына және олардағы шағымдардың азаюына оң әсер етті.
Сондай-ақ аумақтық департаменттердің басшылары судьялар арасында «Цифрлық сот сараптамасы» IT-сервисіне деген сұранысты атап өтті. Осы модуль пайдаланатын жасанды интеллект Сот актілері банкінің талдауы негізінде істің нәтижесін болжайды.
Наиль Ахметзакиров «Төрелік 2.0» жаңартылған нұсқасы, сот органдарының бірыңғай порталы, «Е-заң көмегі» жүйесі және әкімшілік істерді эксаумақтан тыс бөлу іске қосылғанын хабарлады. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды, - деп хабарлады Жоғарғы сот мәліметінде.
Биылдың өзінде Түркістан облыстық сотының, Павлодар және Атырау қалалық соттарының, Солтүстік Қазақстан облысында Ғ.Мүсірепов, Шығыс Қазақстан облысында Глубоковский, Батыс Қазақстан облысында Бөкейорда аудандық соттарының 6 жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Абай ауданы және Бородулиха аудандық соты ғимараттарының құрылысы аяқталу сатысында.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында сот ғимараттарының құрылысы бойынша 13 жобаны әзірлеу процесі жүріп жатыр, оның екеуінің құрылысы 2025 жылдың басына жоспарланған.
Жалпы, қабылданған жүйелі шаралар сот жүйесіне деген сенімнің артуына оң әсерін тигізді. Халық сенімінің абсолютті деңгейі 0,8%-ға (2023 жылмен салыстырғанда) артып, соттардағы жұмысты ұйымдастыру жақсара түсті.
Кездесу қорытындысы бойынша Н.Ахметзакиров Сот әкімшілігі қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты міндет қойды.
Атап айтқанда, басшы өңірлік бөлімшелердің назарын қаржылық тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтау қажеттілігіне аударды.
Сондай-ақ аумақтық органдарға талдау жұмыстарын және кадрлық жұмысты күшейту тапсырылды.