Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: 32 жастағы майормен туған жерінде қоштасты

11 Тамыз 2025, 20:08
908
Бөлісу:
 t.me/AsaiynBaikhan
Фото: t.me/AsaiynBaikhan

Павлодар облысында 32 жастағы майор Бахтияр Ержігітовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Ол Жамбыл облысындағы Сорбулак көлінде әскери тікұшақ апаты кезінде қаза тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бахтияр – отбасындағы жалғыз ұл, жастайынан өмірін Отан қорғау ісіне арнады. Ақтөбедегі әскери училище мен Талғат Бигелдинов атындағы институтты тәмамдаған соң Семейде, кейін Жетігінде қызмет етті. Бортинженерден майор дәрежесіне дейін өсті. Бар болғаны 32 жаста еді. Біз сіздермен бірге қайғырамыз және Бахтиярды әрдайым елінің батыл әрі адал ұлы ретінде есте сақтаймыз, – деп жазды облыс әкімі Асайын Байханов.

Еске салсақ, 25 шілде күні ҚР Қорғаныс министрлігінің Әуе күштеріне тиесілі EC-145 "Еурокоптер" әскери тікұшағы Жамбыл облысы, Отар ауылы маңында радардан жоғалып кеткен. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Бұл тікұшақ шамамен 2020-2021 жылдары қару-жарақ қатарына алынған.

Іздеу жұмыстарына дрондар, эхолоттар және 13 жүзу құралы жұмылдырылды. Сорбұлақ көлінің акваториясы мұқият тексеру үшін секторларға бөлініп, қосымша техника мен қайықтар тартылды. Операцияға бірнеше өңірден әскери бөлімдер, ТЖМ және ІІМ күштері қатысты.

"Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыштың жары жұрттың жүрегін елжіретті.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарының барысымен жеке танысты.

Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасып жатқаны жайлы да жаздық.

9 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінде жүргізілген су астындағы іздеу барысында ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың кейбір фрагменттерін және бір адамның денесін тапты. Ал кеше, яғни 10 тамызда тікұшақ апатында қаза тапқан екінші әскеридің денесі де табылды.

Өзгелердің жаңалығы