Биылғы соңғы алты айда қазақстандықтар 26 миллионнан астам мемлекеттік қызметті онлайн форматта алды. Бұл туралы Электрондық үкіметтің дерегінде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қызмет алушылардың шамамен жартысы eGov Mobile қосымшасын пайдаланған. Қазіргі таңда платформада 11 миллионнан астам азамат тіркелген, ал соңғы жарты жылда қолданушылар саны тағы 1 миллион адамға артқан.
Осы кезеңде 40 миллионнан астам рет «Цифрлық құжаттар» бөлімі қолданылған. Бүгінде қазақстандықтарға жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, студенттік билет секілді 38 цифрлық құжат қолжетімді.
Сонымен қатар жеке деректердің қауіпсіздігін тексеру, 073 үлгідегі медициналық анықтама алу, полицияға онлайн арыз беру мүмкіндігін ұсынатын «Заң және тәртіп» сервисі де белсенді қолданыста.