Соңғы қоңырау – 2024: Сабақ аяқталды, енді жазды балалар қалай өткізеді?

24 Мамыр 2024, 09:06
1476
Бөлісу:
Соңғы қоңырау – 2024: Сабақ аяқталды, енді жазды балалар қалай өткізеді?
Фото: BAQ.KZ

Биыл оқу жылы қайтадан 25 мамырда аяқталады. Оқушылар емтихан тапсырып болғаннан лагерьде демалады. Оқу-ағарту министрлігі балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты 374 мың, негізгі мектепті 341 мың бала. Ал 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады.

«Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 7 704.

Оқу жылын 24 мамырда «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шарасы 25 мамырда өтеді.

Аттестаттарды табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығына белгіленді.

Емтихандар қашан өтеді?

9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр – 11 маусым аралығында өтеді.

Қорытынды аттестаттауды 9-сыныптың 341 мың оқушысы тапсырады. Емтихан кестесі оқыту тілі бойынша – 29 мамырға (жазбаша), математика – 3 маусымға (жазбаша), оқыту тілі бойынша тіл мен әдебиеті – 6 маусымға (жазбаша), таңдау пәні – 10 маусымға (жазбаша) бекітілді.

11-сыныпты 186 мың оқушы аяқтайды. Емтихан кестесі оқыту тілі бойынша – 28 мамырға (жазбаша), алгебра және анализ бастамалары – 31 мамырға (жазбаша), Қазақстан тарихы – 4 маусымға (ауызша), оқыту тілі бойынша тіл мен әдебиеті – 7 маусымға (жазбаша), таңдау пәні – 11 маусымға (жазбаша) бекітілді.

Биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізіледі.

Сонымен қатар табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған өңірлердің (Атырау (3 мектептің 1531 оқушысы), Ақтөбе (9 мектептің 1296 оқушысы), Солтүстік Қазақстан (5 мектептің 754 оқушысы) 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Оларға қорытынды баға жылдық бағалар негізінде қойылады.

Жазғы мектепте кім оқиды?

Су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде қашықтан оқыған 2 622 мектептің 832 мың оқушысына 27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылады.

Жазғы мектепті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған.

Балалар жазда немен айналысады?

Балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылады.

Бұл мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды.

Жазғы демалысты ұйымдастыруға қажетті барлық нормативтік-құқықтық актілер дайындалды.

Бірыңғай талаптарды қамтитын Әдістемелік ұсынымдар жинағы әзірленді.

Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімін және олардың дайындығы пысықталды.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның ішінде - су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасыдан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.

Елімізде 10 743 демалыс орындарында 2,9 млн бала жазғы демалысын өткізеді. Оның ішінде – 10 мың бала – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 240 мың бала – маусымдық, 2,6 млн бала – мектеп жанындағы, 75 мың бала – шатырлы және киіз үйлі демалыс орындарында демалады.

182 демалыс орталықтарының 150-і 1-10 маусым аралығында іске қосылады. Ал, қалған 32 демалыс объектісі жұмысын 15 маусымнан бастайды.

Атырау, Түркістан, Ақтөбе облыстары балалардың жазғы демалыспен қамтылуын арттыруға баса назар аудару қажет.

Балалардың бос уақытын ұйымдастыру бағытындағы еңбекпен, туристік, шығармашылық, интеллектуалдық іс-шаралармен 2,7 млн бала қамтылады.

Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын жоғары, сапалы деңгейде ұйымдастыруы қажет.

Өзгелердің жаңалығы