Соңғы екі жылда елордада 107 жазатайым оқиға болды – қалалық Кәсіподақтар орталығы

2 Ақпан 2022, 22:27
1721
Бөлісу:
Соңғы екі жылда елордада 107 жазатайым оқиға болды – қалалық Кәсіподақтар орталығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 

Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы хабарлады.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері Кәсіподақтар орталығының жұмысының қорытындыларын талқылап, алдағы жылға арналған міндеттерді анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 105 355 кәсіподақ мүшесінің мүддесін қорғайтын 530 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.

Оның айтуынша, өткен жылы елордада 22 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оның құрамына 1 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері кірді.

2021 жылы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның 18 отырысы өтіп, онда әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері, оның ішінде жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері қаралды.

2021 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 006 жұмыскердің алдындағы 268,5 млн теңгеден астам жалақы берешегі өтелді. Ағымдағы жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда, яғни 5 кәсіпорындағы 19 жұмыскердің алдында жалақы бойынша берешек 144,7 млн ​​теңгені құрап отыр, – деді Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Өткен жылы Кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 249 жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Барлық факті бойынша бұзушылықтарды жою туралы 132 ұйғарым шығарылды, сондай-ақ 55 заңды және лауазымды тұлға 12,4 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда елордада 107 жазатайым оқиға болып, соның салдарынан 29 адам қаза тапты, 78-і ауыр жарақат алған.

Кәсіподақтар орталығының төрағасы 70 жағдайда жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталғанын атап өтті.

Айта кететін жайт, жазатайым оқиғалар негізінен кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда орын алады. Жазатайым оқиғалар өндірістік қызмет пен жұмысшылардың еңбекті қорғау жағдайларының қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, сондай-ақ ақаулы құрал-жабдықтарды пайдалану салдарынан орын алған, – деді спикер.

Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, қазір елордада 789 өндірістік кеңес жұмыс істейді, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын 842 техникалық инспектор қадағалайды.

Төлеген Күнәділов Үйлестіру кеңесінің мүшелерін өндірістік кеңестер құру бойынша жұмысты өзектендіруге және техникалық инспекторлардың жұмысын күшейтуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы