Соңғы 5 жылда елімізге 20 млрд доллардан аса инвестиция тартылды – СІМ

23 Маусым 2022, 12:00
1824
Бөлісу:
Соңғы 5 жылда елімізге 20 млрд доллардан аса инвестиция тартылды – СІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді. 

Шетелдік инвестициялар ағыны бойынша Қазақстан 46% үлесімен Орталық Азияда бұрынғысынша көш бастап тұр. Соңғы 5 жыл ішінде біздің еліміз жыл сайын 20 млрд доллардан аса инвестиция тартуда. Жаһандық пандемияға байланысты 2020 жыл ерекше жағдай болып, бұл кезде әлемдік инвестициялар ағымы 35%-ға азайды. 2021 жылы инвестициялық ағындар қалпына келіп, Қазақстан 23,7 млрд доллар тартып, 37,7%-ға өсу көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес тікелей шетелдік инвестициялар жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай 25,5 млрд долларды құрауы қажет, - деп атап өтті вице-министр. 

Сондай-ақ ведомство басшысы елімізге негізінен кімдер инвестиция құятынын айтты. 

Жалпы, 2021 жылы Қазақстанға негізгі инвесторлар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей Федерациясы, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Франция кірді. Француз Республикасын қоспағанда, олардың барлығында өсім байқалды. Атап айтқанда, Нидерланды – 6 97 млрд доллар (35%-ға өсті), АҚШ – 2,8 млрд доллар (25%-ға өсті), Швейцария – 2,65 млрд доллар (50%-ға өсті), Ресей Федерациясы – 1,9 млрд доллар (58,8%-ға өсті), Қытай – 1,84 млрд доллар (92,3%-ға өсті), Бельгия – 1,06 млрд доллар (35,1%-ға өсті), Ұлыбритания – 1,02 млрд доллар (19,6%-ға өсті), Оңтүстік Корея – 0,8 млрд доллар (73,2%-ға өсті), Түркия – 0,68 млрд доллар (87%-ға өсті), Франция – 0,8 млрд доллар (13%-ға төмендеді). 2022 жылғы I тоқсандағы деректерді Ұлттық банк жариялады, - деді Алмас Айдаров. 

Өзгелердің жаңалығы