Солтүстіктің фермерлері гидропониканы игере бастады

24 Сәуір 2021, 20:27
2098
Бөлісу:
Солтүстіктің фермерлері гидропониканы игере бастады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Ақжар ауданындағы шаруашылықтың басшысы Марат Шәпенов арпаны топырақсыз өсіріп, экологиялық таза әрі құнарлы өнім өндіруге кірісті.

Гидропоника тәсілін қолдана бастағандарына 2 жыл өтіпті. Нәтиже жаман емес. Ең алдымен бұлай өсірілген өскінді жеген мал тез күй жинап, семіреді. Әрі тиімді, ешқандай машақатсыз-ақ игеріп алған.

Арпаның дәнін бір күнге суға салып қоямыз, оған ас содасы мен аздап әк қосамыз, ол оны түрлі бактериядан қорғайды. Сосын ыдыстарға салып қоямыз. Гидропоника дегеніміз топырақсыз суарып-өсіру, - дейді гидропоника құрылғысының операторы Махаббат Оралова.

Ал ыдыстарға салынғаннан кейін арпа небары 7 күннің ішінде сабағы шығып, жап-жасыл өскінге айналады. Кәдімгі шөп десе де болады. Ең басты құнары тамырында, яғни протеині мол. Бұл малға ең мықты дәрумен. Ал ауру-сырқаудан қорғану үшін басты талап, ыдыстарды зарарсыздандырып отыру керек, сонда ғана өскіннің құрамы байып, жеген сиыр аурудан ада болады.

Арпаның 1 тоннасынан 8-8,5 тонна жасыл жем-азық аламыз. Бір күнде 4 тонна өскінді сиырларға береміз. Айына 120 тонна. Бұл ең бастысы сиырлардың сүтіне әсер етеді, молаяды, ішкі ағзасына да пайдалы. Ауру-сырқаудан таза малдың еті де, сүті де өтімді, туған төлі де мықты болады. Арзан, сонымен қатар пайдасы шаш етектен, - дейді шаруашылық басшысы Марат Шәпенов.

Қазіргі күні шаруашылықтағы 1200 ірі қараға жасыл жем-азық беріледі. Осылайша ғылымның озық технологиясын, ауылда аграрлық саланы дамытуға тиімді пайдаланып отыр. Ең бастысы, пайдасын көре тұра басқа да ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Жуырда гидропоника арқылы көкөніс өсіру үшін жылыжай салматын жоспарлары да бар.



Өзгелердің жаңалығы