Солтүстік Қазақстан облысында ешбір тұрғыны қалмаған 7 ауыл жабылды, тағы 38 елді мекендегі аз тұрғынды басқа жаққа көшіру жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты.
Бүгінде біздің облыстағы 635 елді мекеннің 141-інде тұрғындар саны елуге де жетпейді. Өкінішке қарай, 38 елді мекенде адам саны 10-нан да аз, ал 7 елді мекенде ешкім тұрмайды. Бұл елді мекендер кезінде оңтайландырылмаған. Сондықтан бүгін мәслихат сессиясында тұрғындары жоқ округтер бойынша шешім қабылданып, бұл ауылдар ресми түрде таратылды, – деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар халқы өте аз 38 елді мекен бойынша аудан әкімдері бұл ауылдарды оңтайландыру жөнінде тапсырма алды.
Бұл жұмыс өте мұқият жүргізіледі, жай ғана жарықты өшіріп, жолды жауып тастау емес, әрбір тұрғынмен жеке жұмыс істеу, жұмыс берушілермен келісіп, жағдай жасау, баспана сатып алу, оны жөндеу, көшіріп, жаңа жағдай жасау арқылы жүзеге асырылады. Адам үнемі жақсы жер іздейді, сондықтан біз адамдарды тірек және болашағы бар ауылдарға көшіру үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.