Солтүстік өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен

3 Желтоқсан 2020, 11:13
2474
Бөлісу:
Солтүстік өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Айгүл Қапбарова көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар мен тетіктерге қарамастан өңірлердегі көші-қон проблемалары толық шешілмей отырғанына алаңдаушылық білдірді. 

Бұл туралы сенатор депутаттық сауалында жазды.
2018-2019 жылы және осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 5123 адам қоныс аударған болса, өңірден  10 мыңга жуык адам көшіп кеткен. Осы облыста 20 жылда 300  жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойылып сатылуда, - деді Айгүл Қапбарова.

Соңғы 5 жылда елден 189 765 адам қоныс аударса, 70 933 этникалық қазақ көшіп келді. Айырмашылық 118 832 адамды құрайды. Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кететіндердің 43,8%-ын 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар құрайтындығы алаңдатады. 

Сенатор сыртқы көші қонның санын азайту үшін ішкі көші қон үдерісіндегі еңбек теңгерімін тұрақты және тиімді қалпын сақтау маңызды екенін айта келіп, ел аумағының біртұтастығы үшін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға бағытталған көші-қон үрдісін жалғастыру керек деп санайды. 

Қоныс аударушылар үшін мемлекет беретін тұрғын үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Кейбір үйлер қоныс аударушылардың айтуынша, апатты жағдайда тұр. Қоныс аударушылардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қолдау көрсетудің кейбір тетіктері жеткіліксіз, - деді сенатор Айгүл Қапбарова.  

Қолданыстағы бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыру және осыған байланысты проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдар деңгейінде арнайы бейімдеу орталығын (қызмет) құру қажеттігі туындап отыр. 

Сенатор депутаттық сауалда халықты көшірудің арнайы мемлекеттік немесе өңірлік бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Себебі қазіргі таңда халықты көшіру  процесі «Еңбек»  нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бір бөлігі ғана.  Бұл бағдарлама қоныстандыру барысында туындайтын міндеттер мен мәселелердің барлық спектрін шешпейді және қамтымайды, үшіншіден Бастау Бизнес» бағдарламасының бағыты кәсіпкерлікті, әсіресе, қоныс аударушылар өнімді жұмыс істей алатын ауыл шаруашылығы және АӨК саласындағы даму мәселелерін қажетті шамада шешпейді. 

Өңіраралық көші-қон процесінде жас отбасыларға елеулі көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері жүзеге асырылса Қазақстан жастарының шетелге көшіп кетуінің қазіргідей өсуі жағдайында бұл пәрменді шара болып табылады, - деді Айгүл Қапбарова. 

Сенатор қоныс аударушылар үшін тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтауды, бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін беру, қоныс аударушыларды жинақы қоныстандыру үшін жеке тұрғын үй салуға жеңілдетілген несие беру керектігін атап өтті. Сондай-ақ «Бір терезе» қағидаты бойынша қоныс аударушылар туралы деректердің бірыңғай автоматтандырылған ақпарат жүйесін енгізу қажеттігі айтылды. 

Өзгелердің жаңалығы