Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын елдің қаруға арналған ядролық материал өндіру қуаты соңғы бес жылда екі еседен астам өскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол жаңадан іске қосылған ядролық материалдар зауытына сапары кезінде айтты.
КХДР-дың мемлекеттік KCNA агенттігінің хабарлауынша, 3 маусым күні Ким Чен Ын жаңа өндіріс орнында болып, кәсіпорынның қазіргі көрсеткіштері мен ұзақмерзімді даму жоспарымен танысқан. Оның айтуынша, елдің ядролық күштерін нығайту бағдарламасы аясында қару-жараққа арналған ядролық материал өндіру мүмкіндігі айтарлықтай артқан.
Сондай-ақ Солтүстік Корея басшысы ядролық қару арсеналын сапалық әрі сандық тұрғыдан ұлғайту саясаты жалғасатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл қадам елдің ядролық тежеу әлеуетін күшейту үшін қажет.
Бұған дейін МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Солтүстік Кореяның атом қаруын өндіру мүмкіндіктері «өте елеулі деңгейде өсіп жатқанын» мәлімдеген еді. Агенттік Йонбендегі ядролық отынды қайта өңдеу зауыты мен жеңіл су реакторының қуатының артуын, сондай-ақ басқа да нысандардың іске қосылуын атап өтті.
Сарапшылардың бағалауынша, Солтүстік Кореяның қолында бірнеше ондаған ядролық оқтұмсық болуы мүмкін. Алайда Пхеньян олардың нақты санын ресми түрде жариялаған жоқ.