Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенатта "Қазақстан мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.
Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Әсет Ерғалиев тиісті заң жобасын таныстырды.
"Тұңғыш президенттің 2018 жылғы Финляндияға ресми сапары аясында қол қойылған Қазақстан мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы негіздемелік келісімді ратификациялау мәселесін қарауға ұсынамыз. Қазақстанның заңнамалық актілерінде валюта айырбастау, ақша қаражатын аудару, банк шарттары бойынша тендерлер өткізу, сондай-ақ Солтүстік инвестициялық банкті салық салудан босату бойынша нормалар көзделмегендіктен, келісімге ұсыныс енгізуді қолдауларыңызды сұраймыз. Қазақстан қазір Европалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк сияқты басқа да халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жатыр. Солтүстік инвестициялық банктің қаржыландырудағы негізгі бағыттары - энергетика, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салалары және тағы басқа", - деді Әсет Ерғалиев.
Вице-министрдің айтуынша, Солтүстік инвестициялық банк еліміздегі экономика және қызмет көрсету жобаларын қаржыландырудан басқа, жасыл экономиканы дамытуды да қолға алған.
"Қазақстан мен Солтүстік инвестициялық банк арасында жасалған келісім еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканың сапалы өсімін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді", - деп түйіндеді Әсет Ерғалиев.
Заң жобасы палата қарауына жіберілді.