«Евровидение» халықаралық ән байқауын ұйымдастырушылар оның өткізілу ережесіне өзгеріс енгізді. Енді байқауда жеңіске жеткен елдің қауіпсіздігіне қарулы қақтығыс немесе күрделі геосаяси жағдай айтарлықтай әсер етсе, ол келесі жылғы «Евровидениені» өткізе алмайды. Бұл туралы Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) мәлімдеді.
DW ақпарат агенттігінің мәліметінше, жаңа ережеге сәйкес, қажет болған жағдайда EBU жеңімпаз елдегі және оған іргелес аумақтағы қауіпсіздік деңгейіне тәуелсіз бағалау жүргізе алады.
Бағалау қорытындысы бойынша EBU мен «Евровидениенің» Референттік тобы жеңімпаз елдің қоғамдық хабар таратушысы байқауды қауіпсіз өткізе ала ма, жоқ па деген шешім қабылдайды.
Егер қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету мүмкін емес деп танылса, байқауды ұйымдастыру құқығы басқа елдің хабар таратушысына беріледі.
Байқау ережесіне тағы қандай өзгеріс енгізілді?
EBU байқау кезінде әнді жанды дауыста орындауға қатысты талаптарды да нақтылады. Фонограммалар мен алдын ала жазылған дыбыстық элементтерді пайдалануға рұқсат етіледі. Алайда негізгі вокал міндетті түрде жанды орындалуы керек. Қосымша жазбалар тірі дауысты алмастырмауы немесе шамадан тыс қолдамауы тиіс.
Сонымен қатар қатысушылардың жас шегі көтерілді. Енді байқауға қатысатын барлық өнерпаз алғашқы репетиция өтетін күнге дейін 18 жасқа толуы керек. Бұған дейін ең төменгі жас шегі 16 жас болған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өзгеріс жас өнерпаздардың қауіпсіздігін күшейтіп, байқауға қатысу кезінде туындайтын қысымнан қорғауға бағытталған шаралардың жалғасы.
Жаңа ережелер 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Келесі жылғы байқауды Болгария қабылдайды. Биыл мамырда өткен «Евровидениеде» Болгария атынан өнер көрсеткен Dara «Bangaranga» әнімен жеңіске жеткен.