Соғыс, санкциялар, Трамп: мұнай нарығы бір күнде құлады

"Соғыс жақында аяқталады" деген Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт төмендеді.

 pixabay 10 Наурыз 2026, 07:53
10 Наурыз 2026, 07:53
508
Фото: pixabay

Иранда жоғарғы көшбасшы қызметіне қатаң саясатты жақтайтын, марқұм Али Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи тағайындалғаннан кейін мұнай бағасы күрт өсті. Алайда кейін Дональд Трамптің мәлімдемелері «қара алтын» бағасының төмендеуіне әсер етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Мұнай бағасының бір баррелі 100 доллардан асып кетуі америкалық инвесторларды алаңдатты. Олар энергия тасымалдаушылар бағасы одан әрі өседі деп қауіптенді. Осы жағдай аясында G7 елдері стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.

Осы кезде Трамп бірнеше мәлімдеме жасап, Иранмен соғыс жақында аяқталуы мүмкін екенін айтты.

Менің ойымша, соғыс іс жүзінде аяқталды. Оларда флот та, байланыс құралдары да, әуе күштері де жоқ, – деді ол.

Трамптың айтуынша, Вашингтон соғыс мерзімі туралы бастапқы болжамнан әлдеқайда жылдам нәтижеге жеткен. Алғашында операция 4–5 аптаға созылады деп болжанған. Сонымен қатар ол АҚШ «Иранды толық жеңген жоқ» деп мәлімдеді.

Біз Иранды жеңдік. Бірақ толық жеңген жоқпыз. Біз бұл режимге қарсы толық жеңіске жетуге бел будық, – деді Трамп.

Осы мәлімдемелерден кейін 9 наурыз кешкі саудада мұнай бағасы барреліне 99,97 долларға дейін төмендеп, шамамен 20 долларға арзандады.

Сонымен қатар АҚШ Ресей мұнайына қатысты санкцияларды жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы да Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, АҚШ әкімшілігі әлемдік энергия бағасының күрт өсуін тежеу үшін Ресей мұнайына салынған шектеулерді әлсіретуі мүмкін.

Кейін баспасөз конференциясында Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлап, Ресейдің мұнай секторына қатысты кейбір санкциялар ішінара алынатынын айтты.

Бағаны төмендету үшін мұнайға қатысты кейбір санкцияларды алып тастаймыз, – деді ол.

Бұған дейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон Ресей мұнайына қатысты шектеулерді одан әрі жеңілдетуі мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ АҚШ Үндістанға теңізде тұрған ресейлік мұнайды сатып алуды тағы 30 күнге жалғастыруға рұқсат берген.

Айта кетейік, Иранның жаңа көшбасшысы жарияланғаннан кейін мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып, АҚШ-та шамамен 50 пайызға өсіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.

Осы жағдайға байланысты Аббас Арагчи америкалықтарға үндеу жасап, АҚШ-тағы экономикалық қиындықтарға Израиль мен оның Вашингтондағы жақтастарын айыптады.

Ал Эммануэль Макрон Таяу Шығысқа әскери кемелер жіберіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алғанын мәлімдеді.

Наверх