Соғыс салдары: атмосфераға 5 млн тонна зиянды газ тарады

Ирандағы қақтығыс климатқа ауыр соққы әкелді

 freepik Бүгiн 2026, 08:16
Бүгiн 2026, 08:16
91
Фото: freepik

АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысы алғашқы 14 күн ішінде атмосфераға 5 миллион тонна парниктік газдың бөлінуіне себеп болды. Бұл көрсеткіш 84 елдің жалпы шығарындыларына тең, деп хабарлайды BAQ.KZ.

The Guardian-ға сілтеме жасаған мәліметке сәйкес, ең үлкен көміртек ізі қираған ғимараттардан шыққан – 2,4 миллион тонна. Иран Қызыл Жарты Ай ұйымының дерегінше, қақтығыс барысында шамамен 20 мың азаматтық нысан зақымданған.

Екінші ірі себеп – отынның жаппай жағылуы. АҚШ-тың ауыр бомбалаушы ұшақтары алыс базалардан, тіпті Батыс Англиядан ұшып, 150–270 миллион литрге дейін жанармай тұтынған. Бұл 529 мың тонна шығарындыларға әкелген.

Ал ең көп көлем – 1,88 миллион тонна – мұнай нысандарындағы өрттерден пайда болған. Оған Тегеран маңындағы қоймаларға жасалған израильдік соққылардан кейін жауған «қара жаңбыр» және Иранның Парсы шығанағындағы нысандарға берген жауап соққылары себеп. Нәтижесінде 2,5–5,9 миллион баррель мұнай жанып кеткен.

Сонымен қатар, жойылған әскери техника да экологияға зиян келтірді: АҚШ-тың 4 ұшағы, Иранның 28 ұшағы, 21 кеме және шамамен 300 зымыран қондырғысы жойылып, тағы 172 мың тонна шығарындылар пайда болған. Ал екі апта ішінде қолданылған бомбалар, зымырандар мен дрондар 55 мың тонна қосымша зиян келтірген.

Әрбір зымыран соққысы – планетаны одан әрі ыстық әрі тұрақсыз ететін үлес. Бұл жағдай қауіпсіздікті арттырмайды, – деді Климат және қоғам институтының зерттеу директоры, талдаудың авторларының бірі Патрик Биггер.

Сарапшының айтуынша, соғыс салдарынан қазба отын жеткізіліміндегі іркілістер мұнай өндірудің артуына әкелуі мүмкін.

Наверх