Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында "Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігінің таныстырылымы өтті.
Аталған қоғамдық бірлестіктің басқарма басшысы Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, 1939-1945 жылдары еліміздің аумағынан 1,5 миллион адам соғысқа шақырылған. Ресми дерек бойынша олардың 600 мыңдайы соғыста қаза тапқан және олардың 270 мыңдайы із-түзсіз жоғалып кеткен.
"Atamnyn amanaty" қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамасымен осы жылдың мамыр айында құрылды. Басты мақсаты екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан отандастарымызыдың ерлігін ел есінде сақтау. Сондай-ақ сұм соғыс кезінде із-түзсіз кеткен отандастарымызды іздеу. Жоғалып кеткен 270 мың адамның артында қазір 3 миллиондай ұрпағы бар, олар аталары жайында үміттене мәлімет күтуде. Біздің салт бойынша ата-бабаның орны ерекше", - дейді ол.
Сөз арасында ол "Atamnyn amanaty" өз сайтын ашқанын және ол жерде еліміздің әр азаматы соғыста із-түзсіз кеткен туысы жайында өтініш қалдыра алатынын айтты.
"Соңғы екі айда бізге 300 өтінім келіп түсті және 42 адамның тағдыры немен аяқталғанын анықтай білдік. Осы аралықта екі отбасы туыстарының көмілген жеріне барып қайтты. Бір жауынгердің сүйегін елімізге әкеліп жер қойнауына тапсырдық", - деді ол.
Біз ҚР Қорғаныс министрлігімен, Ақпарат министрлігі және көптеген үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, оларға алғысымыз шексіз.
Жиын барысында Ресей Федерациясының Воронеж облысы аумағынан сүйегі табылған ҰОС қатысушы, қазақстандық жауынгер Мазыбаев Сүйінбайдың ұрпағы Марс Нукеев сөз сөйлеп, өзінің әсерімен бөлісті.
"Соғыс кезінде елімізде ауыртпалық түспеген бірде-бір шаңырақ болған жоқ. Сондай шаңырақтың бірі менің нағашы атам Мазыбаев Нүсіпбай мен нағашы апам Мазыбаева Әспеннің шаңырағы еді. Ол кісілердің шаңырағынан соғысқа үш бірдей боздақ кетті. Олардың ешқайсысы соғыстан оралмады. Ата-анасы олардың жолын күтумен өмірден өтті. Анам өмірден өткенше ағаларынан бір хабар келіп қалады деумен болды. Міне, 77 жыл уақыт өткеннен кейін Ресейдің Воронеж облысынан менің атам Мәзібаев Сүйінбайдың сүйегі табылды деген хабар келді. Бұл біз үшін күтпеген жағдай еді. 22 қазан күні Ресейден Патриот іздестіру отрядының басшысы басқарған үш азамат атамның сүйегін туған топырағына жеткізді. Оны өзінің туған елі Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылына арулап жерледік. Бұл іске елімізде құрылған «Атамның аманаты» бірлестігі өз үлесін қосты. Елімізде мұндай ұйымдар жоқ, үкімет осыларға демеу берсе екен деген ойдамын. Сол кезде із-түзсіз кеткен боздақтарымыздың тағдыры немен аяқталғаны анықталар еді", - деді Марс Нукеев.