Тегін дәрі-дәрмек беру барысын SMS арқылы бақылауда

10 Қаңтар 2019, 21:55
1659
Бөлісу:
Тегін дәрі-дәрмек беру барысын SMS арқылы бақылауда

Астана, вaq.kz. Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау мақсатында қолға алынған нобайлы жобаның алғашқы нәтижелері белгілі болды.
 

Өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. Дәлірек айтсақ, 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді.  Барлығы 191 мың SMS жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілген. Препарат алмаған пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылды.  

SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 2 881 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 441 пациенттің дәрі-дәрмек алмағаны белгілі болды. Тағы 32 адам – диспансерлік есепте тұрмайды және ешқашан тегін дәрі алмаған, ал 10 адамға дәрі-дәрмек ішінара берілген.

Тегін дәрі-дәрмек ала алмағаны туралы жауап-хабарламалардың басым бөлігі Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының тұрғындарынан түскен.

Осы ретте жүргізілген мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында Астана қаласындағы «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы бар.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың басында кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Яғни, Қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлейді.

«SMS-хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды.

Мониторинг нәтижесі өкілетті органдардың тексеруіне негіз болып отыр. Тексеруді Фармация комитеті мен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жүргізбек. Оның нәтижесі бойынша қабылданған шешімдер құқық қорғау органдарына беріледі», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының м.а. Ботагөз Жақселекова.

МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ. 

Өзгелердің жаңалығы