ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық ахуалды жақсарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдемесіне сәйкес Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың баяндама жасады.
Айтуынша, осы аттас тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде өткен 10 жыл ішінде экономиканың энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 36,7%-ға қысқартылып, ЖЭК үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілген.
Ормандардың ауданы 5%-ға, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі республика аумағының 10%-дан астамына дейін жеткізілді.
ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданғаннан кейін Тұжырымдаманы өзектендіру шеңберінде 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату көрсеткішін 40%-ға, ал ұзақ мерзімді перспективада – 2050 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ауылдық жерлерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру арқылы 2040 жылға қарай халықты қалдықтарды жинау және кәдеге жарату қызметтерімен қамту 100%-ға жетуі тиіс.
Жаңартылған Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде атмосфераға ластаушы заттар шығаруды азайту, атап айтқанда ЖЭО-ны жаңғырту және газ отынына көшу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау, сондай-ақ орман алқабын кеңейту есебінен шаралар қабылданатын болады.
Премьер-министр «жасыл экономика» жалпы еліміздің тұрақты дамуының маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті.
Осының нәтижесінде халықтың тұрмыс жағдайы, атмосфералық ауаның жай-күйі, қалдықтарды басқару, су және жер ресурстарын пайдалану жақсарады, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Экология министрлігіне Тұжырымдаманы өзектендіруді жеделдетіп, жобаны 1 желтоқсанға дейін Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырды.
Отырыста жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту бойынша жоспарлар мен қабылданып жатқан шаралар барысы талқыланды.
Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты 2525 МВт болатын 132 ЖЭК нысаны жұмыс істеуде. Жаңа нысандарды іске қосу жоспарлы мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Жалпы, 2027 жылға қарай тағы 6720 МВт жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы дәстүрлі және жаңартылатын энергия секторларын үндестірудің, сондай-ақ үй шаруашылықтары, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары деңгейінде шағын ЖЭК қондырғыларын дамытуды ынталандырудың маңызды екенін атап өтті.