Әлихан Смайылов пен Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанның су саласындағы ынтымақтастығын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді. Кездесу Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы қарсаңында өтті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қырғызстан – еліміздің стратегиялық әріптесі және бауырлас мемлекет.
Мемлекет басшыларымыздың саяси ерік-жігерінің арқасында бүгінде қазақ-қырғыз қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шықты», — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Былтырғы тек 11 айда өзара сауда 12%-ға өсіп, $1,3 млрд-қа жетті. Оған қоса Қазақстан мен Қырғызстан арадағы тауар айналымының көлемін $2 млрд-қа жеткізу жұмысын жалғастыруда.
Бұған Үкіметаралық кеңес және Өңіраралық ынтымақтастық форумы сияқты екіжақты ынтымақтастық тетіктерінің тиімді жұмысы ықпал етуде. Қазақстан Үкіметі әрі қарай да барлық бағыт бойынша қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігін қолдауға дайын, — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Ақылбек Жапаров Қырғызстан мен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы арадағы саяси диалогтың жоғары деңгейінің дәлелі екенін атап өтті.
Жыл сайын өзара сауда-саттық пен инвестициялар көлемі артып, іскерлік, ғылыми және мәдени байланыстар жандануда. Үкіметаралық кеңес аясында қырғыз-қазақ ынтымақтастығының ортақ стратегиялық мақсаттары, тұжырымдамалық тәсілдері мен ұзақ мерзімді даму бағыттары талқыланып жатыр. Екі ел арасындағы белсенді өзара іс-қимыл түрлі алаңдарда жүзеге асуда, — деді ол.
Ақылбек Жапаров қырғыз тарапының өзара сенім мен түсіністікке негізделген Қазақстанмен арадағы одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу барысында үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда-экономикалық және мұнай-газ салаларындағы мәселелердің кең ауқымын қарастырды.
Сонымен қатар тараптар қысқа мерзімде қазақ-қырғыз шекарасында жүк көлігі үшін қосымша өткізу бекетін ашу мәселесін пысықтауға, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.