Атырауға жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясының құрылғанына 100 жыл толуына орайластырылған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-Министр өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның дамуында саланың және отандық мұнайшылардың еңбегі зор екенін ұдайы ерекше атап өтетінін айтты.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, қазақ мұнайының бастауында тұрған кәсіпорынның 100 жылдық мерейтойы – бұл айтулы мереке, өйткені Қарашүңгіл жерінен табылған «қара алтын» еліміздің брендіне айналды. Мәселен, 1899 жыл Қазақстан тарихына Жылыой ауданында мұнай көзі табылған жыл ретінде енді. 1922 жылы трест болып құрылған «Ембімұнайгаз» – бүгін өз бағытын нақты айқындаған, аяғына нық тұрған қуатты кәсіпорын.
Ембілік геологтар еліміздің Батыс аймағындағы ірі мұнай кеніштерін ашуда зор еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотивіне айналды, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр бір ғасырлық тарихы бар «Ембімұнайгаз» кәсіпорны қаншама даңқты мұнайшылар әулетін тәрбиелеп, мыңдаған ұлттық кадр дайындап шығарғанын айтты.
Жер қойнауындағы қазба байлықты іздеуден бастап, оны игеру мен дамыту мол қажыр-қайратты, терең білім мен табандылықты талап етеді. Осындай қиыншылықтарға төтеп беріп, мұнай өндіріп, ел игілігіне үлес қосқан мұнайшылар еңбегі ешқашан ұмытылмайды! Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілу керектігін атап өтті, — деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Премьер-Министр бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» әлеуметтік жауапкершілігі ретінде Атырау облысының дамуына да жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Үкімет басшысы ҚР Президентінің атынан 25 ардагер мен сала қызметкерлеріне түрлі мемлекеттік наградалар табыс етті.