Бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысында орын алған қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше кешкісін Қарағанды облысында қайғылы жағдай орын алғанын білесіздер. Сарышаған ауылының маңында жол апатынан 2 дәрігер қаза тауып, 8 медицина қызметкері зардап шекті. Олар «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлерін медициналық тексеруден кейін қайтып келе жатқан. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Ал, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулерін тілектеспіз, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Смайылов Премьер-Министр Кеңсесіне Үкіметтің таяудағы отырыстарының бірінің күн тәртібіне жолдағы қауіпсіздік мәселесін енгізуді тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздегі дәрігерлердің орташа жалақысы қанша теңгеге дейін көтерілгені туралы айтқан болатын. Белгілі болғандай, медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту қолға алынған. Сондай-ақ 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе жоғары деңгейге дейін жеткізу мақсатында жыл сайын арттыру бойынша шаралар әлі де жалғасын табады.