Смайылов Орталық Азияда майлы дақылдарды өңдейтін ең ірі кешенге барды

6 Қазан 2023, 16:59
769
Бөлісу:
Смайылов Орталық Азияда майлы дақылдарды өңдейтін ең ірі кешенге барды
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

ШҚО-ға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Орталық Азиядағы ең ірі «Altyn Shygys» майлы дақылдарды өңдейтін автоматтандырылған кешенінің және республикадағы түсті металлургия флагмандарының бірі Өскемен титан-магний комбинатының (ӨТМК) жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство мәліметінше, кәсіпорын тәулігіне 1400 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын, 550 тонна рапс және 500 тонна соя өңдейді. 

Смайылов Орталық Азияда майлы дақылдарды өңдейтін ең ірі кешенге барды

Соңғы бір жылда мұнда 20 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Кәсіпорын жалпы қуаттылығы тәулігіне 500 тонна болатын тазарту цехын салу арқылы бастапқы өндірістен жоғары деңгейіндегі өңделген өнім шығаруды жоспарлап отыр. Нысан 2025 жылы іске қосылады деп күтілуде. 

Сондай-ақ «Altyn Shygys» 2024 жылы елімізде алғаш рет сұйық лецитин өндірісін іске қосуды, ал 2025 жылы құрғақ ұнтақ лецитин өндірісін жолға қоюды көздеп отыр, бұл май өңдеудің табыстылығын айтарлықтай арттырады. 

Премьер-министр облыста майлы дақылдар алқабы жыл сайын ұлғайып, биылдың өзінде 211 мың гектарға жеткенін атап өтті. 

Смайылов Орталық Азияда майлы дақылдарды өңдейтін ең ірі кешенге барды

Зауыттың қуаттылығы шығарылатын өнім түрлерін кеңейтіп, экспортты арттыруға мүмкіндік береді. Біз компанияның шикізатты одан әрі тереңірек өңдеу жөніндегі жоспарларын қолдаймыз. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетуге дайын, — деді Әлихан Смайылов. 

Әлихан Смайылов Өскемен титан-магний комбинатының қызметімен де танысты. Мұнда титан губкасы, титан құймалары мен қорытпалары, бастапқы магний және т.б. шикізаттар өндіріледі. Қазақстандық алпауыт кәсіпорынға әлемдік нарықтың 14%-ын, аэроғарыш саласының 21%-ын алып жатыр. ӨТМК-да өндірілетін титан құймалары жоғары сапалы және аэроғарыш саласының әлемдік жетекші кәсіпорындарымен мақұлданған. 

Премьер-министр комбинатта жоғары деңгейдегі өңделген өнім шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстарын жалғастыру керектігін баса айтты.

Өзгелердің жаңалығы