Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов NU-да жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселе атауда емес, оның тиімді жұмыс істеуінде деп ойлаймын. Біз аудиторлық палата ретінде осы университеттің жұмысының тиімділігіне аудит жасадық. Оны жуырда бітірдік. Бірқатар кемшілік пен бұзушылықты анықтадық, - деді Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата басшысы аудит анықтаған негізгі кемшіліктерді атады.
Біріншіден университеттің әлі күнге дейін республикалық бюджеттің қаражатына тәуелділігі сақталып отыр. Бұл университеттің мәртебесіне қарамастан, мемлекеттің прецедентсіз көмегіне қарамастан және салықтардан босатуға қарамастан, әлі де университет 97 пайызға республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылып отыр. Университеттің стратегиялық құжатында университет республикалық бюджеттен кетіп, басқа да жеке қаржыландыру көздеріне көшу керек болатын. Бірақ бұл жұмыс әлі жүргізілмей отыр. Екінші мәселе – қолданыстағы заңнама университетті қаржылық есептемені ұсынуға міндеттемейді. Бұл университеттің жұмысының ашықтығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, аудиттің нәтижесі бойынша 73 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен тиімсіз пайдалану фактілерін анықтадық. Сонымен бірге жарты млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтадық, - деді Әлихан Смайылов.
Бүгін Мәжілісте "Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы" Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды.