Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов делдалдар алып отырған комиссиялар мен тарифтерге талдау жүргізуге бір ай уақыт берді.
Ол Президенттің шағын бизнес субъектілерінің мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып, «Атамекен» палатасының жұмысын қайта қарауды тапсырғанын еске салды.
Айтуынша, қазіргі күні бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнеспен арадағы жан-жақты және өзара тиімді байланысын Президент белгілеп берген форматта қамтамасыз ету керек, - деп айтты Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол атап өткендей, Мемлекет басшысы түрлі монополист операторлар мен делдалдар алып отырған комиссиялар мен тарифтерге мұқият талдау жүргізіп, оларды қайта қарау немесе алып тастау бойынша шешімдер дайындауды тапсырды.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бір ай мерзімде Үкіметке талдау қорытындысы мен осы мәселені шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізсін, - деді Министрлер кабинеті басшысы.
Сонымен қатар Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту мәселесін атап көрсеткен болатын.
Қазіргі таңда тау-кен секторында пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесін, мұнай өнімдерін өндірушілерге арналған акциздерді, жер қойнауын пайдаланушылардың дивиденттері бойынша жеңілдіктерді және трансферттік баға белгілеу тәртібін қайта қарау бойынша ұсыныстар дайын болды. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері осы ұсыныстарды жұртшылық пен бизнеске кеңінен түсіндіріп, олардың тез арада заң жүзінде бекітілуін қамтамасыз етуі қажет, - деп түсіндірді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.