Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов Кипр Республикасы өкілдер палатасының төрағасы Деметрис Суллуриспен кездесті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан мен Кипр арасында берік достық пен сенімді ынтымақтастық бар. Біз Кипрді Оңтүстік Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі санаймыз және арадағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге және көрсеткіштерді еселеуге мүдделіміз», - деді Әлихан Смайылов.
Осы жылдың мамыр айында Қазақстан мен Кипр қосарланған салық салуды болдырмау туралы үкіметаралық конвенцияға қол қойды.
Әлихан Смайылов атап өткендей, арадағы алыс-берісті саралар болсақ, Қазақстан негізінен мұнай және мұнай өнімдерін экспорттайды, ал импорт өнімдер қатарында машиналар, жабдықтар мен пластмасса бұйымдары бар.
2019 жылғы қаңтар-маусым аралығында тауар айналымы 17,9 млн долларды (экспорт - 17 млн, импорт - 0,9 млн) құрады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 20,3 млн доллар (экспорт - 18,8 млн, импорт -1,5 млн) болған еді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 2005-2019 жылдың 1 тоқсаны бойынша еліміздің экономикасына Кипрден 2,24 млрд доллар тікелей инвестиция келді, ал Қазақстаннан Кипрге 790 млн АҚШ доллар инвестиция құйылды.
2018 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда Кипрдің қатысуымен 207 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген.
«Екіжақты сауданы кеңейту, әртараптандыру және ұлғайту перспективалары бар. Кипр нарығына қазақстандық ауылшаруашылық өнімдері, атап айтқанда астық және ет өнімдерін жеткізуге болады», - деді Кипр Республикасы өкілдер палатасының төрағасы Димитрис Силлурис.
Сонымен қатар, Қазақстанның Кипрден зәйтүн және зәйтүн майын алуға қызығушылығы болуы мүмкін екені айтылды.
Димитрис Силлурис Кипр өзін аймақтық қаржы хабы ретінде көрсетуге мүдделі екенін айта келе, Астана халықаралық қаржы орталығы аясында қаржы және инвестиция саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті.