Smart Astana қосымшасы 70 қызмет бойынша бағыт-бағдар береді

Кеше, 17:21
216
Бөлісу:
Smart Astana қосымшасы 70 қызмет бойынша бағыт-бағдар береді
Фото: Елорда әкімдігі

Әлем қалаларында цифрлық технологияларға басымдық беріліп, "ақылды қала" тұжырымдамасы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласында да инновациялық бастама қолға алынып, қала тұрғындарының көптеген мәселесі заманауи автоматтандырылған ақпараттық технологиялар арқылы шешімін табуда.

Астанада жүзеге асырылып жатқан инновацияның бірі - жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз ететін Smart Astana тегін мобильді қосымшасы.

2015 жылы іске қосылған мобильді қосымшада бүгінде 28 мыңнан астам қолданушы бар. Қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасына қарасты "Астана Innovations"  акционерлік қоғамы елорданы цифрландыруға белсенді атсалысып келеді.

"Астана Innovations" АҚ цифрлы сервистер департаментінің мәліметінше, мобильді қосымшада көлік, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және коммуналдық қызметтерді қамтитын 70-тен астам қалалық қызмет біріктірілген.

Бұл қосымша - тек елордалықтарға ғана емес, бас қалаға саяхаттап келетін туристер мен өзге өңір тұрғындарына бағыт-бағдар беретін таптырмас құрал.

Қосымшадағы "Саяхатшыға" бөлімі өзекті ақпараттар мен түрлі қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

"Саяхатшыға" бөлімі өз ішінде 10 қызмет ұсынады.

Теміржол вокзалының пойыз кестесі: станциялар мен маршруттарды көре отырып, пойыздардың кету және келу уақытын тексеруге арналған.

Әуежайдың ұшу кестесі: келу және кету уақытының өзгеруін қоса алғанда, рейстер туралы жаңартылған ақпаратты көрсетеді.

Іс-шаралар: бұл бөлімде елордадағы концерттер, көрмелер, жарыстар және басқа да мәдени, спорттық іс-шаралар кестесі беріледі.

Сауда орталықтары: елордадағы сауда орындарының орналасқан жері, жұмыс тәртібі мен байланыс нөмірлері туралы ақпарат ұсынылады.

Мәдени нысандар: Visit Astana туристік ақпараттық орталығының веб-сайтымен біріктірілген бөлім. Онда елордадағы мұражайлар, сәулет ескерткіштері, театрлар мен басқа да көрікті жерлердің тізімі мен сипаттамасын оқуға болады.

Ойын сауық мекемелері: бұл бөлімде мейрамханалар мен дәмханалардың қауіпсіздік критерийлері мен қызмет көрсету деңгейін ескере отырып жасалған электрондық рейтингті көруге болады.

Автобекет кестесі: қала аралық автобустар туралы ақпарат береді. Олардың кету және келу уақыты жазылып, билет құны да көрсетілген.

Демалыс орындары мен саябақтар: демалуға, серуендеуге және белсенді уақыт өткізуге арналған жерлердің тізімін ұсынады.

Қоғамдық дәретханалар: бұл бөлімде қалада орналасқан дәретханалар тізімі берілген және шағым қалдыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Бұған қоса, қосымша мектептердегі сабақтың болмауы, тасжолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен жабдықталған. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі үнемі жаңартылып отырады.

Жасыратыны жоқ, әлем елдері туризмді дамыту арқылы мемлекет қазынасын арттыруға әлдеқашан кіріскен. Біздің елордада да шетелдіктерге көрсететін көрікті жерлер баршылық. Ал олар туралы ақпарат беретін Smart Astana мобильді қосымшасы еліміздің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп келеді.

Айта кетейік, қосымшаны App Store немесе Google Play дүкендерінен тегін жүктеуге болады.

Өзгелердің жаңалығы