Словакияда төрт қазақстандық ұсталды: СІМ мән-жайды растады

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі төрт азаматтың ұсталғанын растады. Оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, туыстарымен байланыс орнатылған. Оқиғаның мән-жайы министрліктің бақылауында.

 istockphoto.com 21 Қараша 2026, 17:47
21 Қараша 2026, 17:47
140
Фото: istockphoto.com

Словакияда Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады. Алайда ведомство олардың не себепті ұсталғанын нақтыламады. Словакияның TN Live телеарнасының мәліметінше, бұл оқиға Тренчин қаласындағы бопсалау дерегіне байланысты болуы мүмкін.

Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

TN Live телеарнасының хабарлауынша, бес жас жігіт жергілікті тұрғынды іздеп жүрген. Олар одан ақша талап етуді көздеген болуы мүмкін. Ер адамның әжесінің айтуынша, әлгі адамдар оның үйіне келіп, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған және тінту жүргізе бастаған.

Телеарна мәліметінше, кейін ер адам табылып, оны ұрып-соққан болуы мүмкін. Әйел өзін полиция қызметкері деп таныстырған адамдардың әрекетіне шағымданбақ болғанда, олардың полицияда қызмет етпейтіні анықталған.

Наверх