Скринингтік тексеруге бей-жай қарамаған дұрыс - дәрігер

30 Қараша 2022, 08:16
2056
Бөлісу:
Скринингтік тексеруге бей-жай қарамаған дұрыс - дәрігер

Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналық сөз бар. Көп жағдайда дерттің алдын алып, тексерілуді кейінге шегерудің кесірінен ауруымыздың асқынып кеткенін байқамай қаламыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Осы орайда мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесінде скрининг тексеріс енгізілген. Уақытында жүргізілген тексерулер аса ауыр ауруларды ерте кезеңде анықтауға және емдеуді бастауға көмектеседі. 

Скринингтен уақытылы өтудің пайдасы қандай? Балалар мен ересектердің айырмашылығы неде? Осы және өзге де сұрақтарға Green clinic емханасының дәрігері Ақбота Қамбарбекқызы жауап берген болатын. 

- Әңгімемізді скрининг деген не және ол не үшін қажет деген сауалдан бастасақ?

- Скрининг – бұл шағымдары жоқ белгілі бір жастағы адамдарды ауруларды ерте сатысында анықтау және алдын алу үшін профилактикалық медициналық тексеру түрі. Яғни емханаға бір рет бару арқылы сіз арнайы тексеру әдістерін қолдана отырып, скринингтің түріне байланысты қатерлі ісік немесе басқа аурулардың болуының алдын аласыз немесе олардың пайда болу ықтималдығын уақытында анықтай аласыз.

- Балалардың скринингі туралы кеңінен айтып өтсеңіз.

- Қазіргі кезде балалар арасындағы аурулардың алдын алу және балаларда кездесетін кейбір жасырын ауруларды ерте анықтау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған балалардың профилактикалық тексеруі мен скринингтік тексерулері жүргізіледі. Соның ішінде бірінші кезекте айтқым келетіні: балалар арасында жүргізілетін скринингтік тексеру – бұл №704 бұйрыққа сәйкес топтарға бөлінеді. Бірінші топ – балалардағы аудиологиялық тексеру. Аудиологиялық тексеру дегеніміз – баланың есту қабілетін анықтау. Ол топқа жататын балалар: жаңа туған нәрестелер, яғни оның барлық перзентханаларда жүргізілетінін барлығымыз білеміз. Екінші – үш айында тексеріледі. Одан кейін бір жаста, үш жаста және алты жаста баланың есту қабілетін анықтау. 

Екінші тексеру тобы – бұл офтальмологиялық тексеру немесе баланың көру қабілетін анықтау. 

Үшінші тексеру – бұл баланың нерв-психикалық дамуын тексеру. Яғни балалар бір айда, бір жасқа дейін, әрбір айда педиатр дәрігердің қабылдауында болғанда, бір жас пен екі жас аралығында, үш жас пен бес жас аралығында баланың әрбір айға сәйкес нервтық дамуын бақылаған дұрыс.

Төртінші топ – баланың психо-физиологиялық дамуын тексеру ерекшелігі. Қазіргі кезде скринингтік осы мақсаттық топтағы тексерулер не үшін қажет? 

Себебі клиникалық жағдайда немесе практикалық жағдайда көп кездеседі. Балалардың арасында өте кеш анықталатын саңырау құлақтық, баланың есту қабілетіндегі кемістік өте кеш анықталып жатады. Бұл дегеніміз – төрт немесе бес жас аралығында байқалуы мүмкін. Анасы бала сөйлемейді деп бақылауға немесе қабылдауға келген кезде балада есту қабілетінің бұзылысы бар екені анықталады. 

- Скрининг жүргізу барысында балалар арасында көбінесе қандай аурулар анықталып жатады? 

- Балалар арасында қазір өте жиі кездесетін аутистикалық немесе баланың даму қабілетінің бұзылысына байланысты психикалық сөйлеу дамуының тежелуіне байланысты өте кеш диагностикалық тексеру жүргізіліп жатады. Сол мақсатта анасы үй жағдайында бақылай алмайтын немесе анықтай алмауына байланысты бір ай,  үш ай немесе бір жас мөлшерінде балада ерте есту қабілетінің, сөйлеу қабілетінің, нерв-психикалық даму қабілетінің дамуында кешеуілдеудің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік топ. 

Егер сізді дәрігеріңіз скринингтік тексеруге шақырса, міндетті түрде қалмай барғаныңыз абзал. Себебі ол өте құнды ақпарат болып есептеледі. 

Екіншісі – балалар арасында жүргізілетін профилактикалық тексеру. Ол Денсаулық сақату министрінің №264 бұйрығына сәйкес жүргізілетін жұмыс. Профилактикалық тексеруге міндетті түрде туғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейінгі барлық жас мөлшеріндегі балалар жатады. Бұл жерде профилактикалық тексеру мен скринингтік тексерудің ерекшелігі – жоғарыда атап өткендей, скринингтік тексеру жаңағы көрсетілген төрт бағытта тексеріледі. Ал профилактикалық тексеру барлық жас мөлшеріне сәйкес мамандардың тексеруінен, яғни бұл дегеніміз – хирург, окулист, стоматолог, офтальмолог мамандардың тексеруі мен белгілі бір лабораториялық мамандардың тексеруі арқылы жүзеге асырылады. Көбінесе профилактикалық тексеру кезінде біз балалар арасындағы ерте фондық ауруларды анықтаймыз. Оған қаназдық, рахит белгілері, темір жетіспеушілік белгілері, сонымен бірге ақуыз жетіспеушілік пен соматиялы әртүрлі фондағы ауруларды анықтауға болады. Терапия дәрігеріне баланың дер кезінде диагнозды қойып, диспансерлік топта бақылап, баланы ерте сауықтыруға әкелетін жақсы мүмкіндік. 

Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу бойынша шаралар қабылданады. Егер құлақ мүкістігі немесе кереңдік қаупі туындаса, онда баланы одан әрі тереңдетіп тексеру үшін сурдологиялық кабинеттерге, сондай-ақ тексеру және түзете-дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жібереді.

Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының он сегіз жасқа толмаған оқушылары профилактикалық медициналық тексеруден өтеді. Емхана мамандары білім беру ұйымына барып, қарап-тексереді. Егер мектепке дейінгі жастағы бала балабақшаға бармаса, онда ол тілкелген емханасында алдын ала тексеруден өтеді.

- Тексеріс қалай жүргізіледі? 

- Профилактикалық қарап-тексеру дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған кезеңдерді қамтиды. Дәрігерге дейінгі кезеңде 3 жасқа дейінгі балаларда дененің өсуі мен салмағын анықтайды, бас пен кеуде қуысының көлемін өлшейді. Ал 7 жастан бастап физикалық және психоәлеуметтік дамуын бағалайды, қан қысымын өлшейді, көру және есту өткірлігін анықтайды, ЭКГ-ға түсіреді. 

Екінші кезеңде теріні және бас терісін, шырышты қабықтарды тексереді, қалқанша без аймағын тексеріп, пальпациялайды, кеуде, омыртқа, аяқ-қолдарды тексереді, тыныс алу, ас қорыту жүйелерін тексеру жүргізіледі. Патологиялық өзгерістер анықталған жағдайда баланы бейінді маманға қосымша тексеруге жібереді.

 Мамандандырылған кезеңді бейінді мамандықтардың дәрігерлері жүргізеді.

Қазіргі кезде ҚР Денсаулық сақтау министрінің алға қойған мақсаттарының бірі – бұл халық арасында ауруды ерте анықтау және дер кезінде емдеу. Бізде №74 бұйрыққа сәйкес, асқынудың алдын алу мақсатында тексерулер жүргізіледі. Скринингтік тексеру дегеніміздің өзі диспансерлік есепте тұрмайтын науқастарды белгілі бір жас мөлшеріне сәйкес тексеруден өткізу. 

- Тексеруге қай топтағы адамдар жатады және қандай дерттерге тексереді? 

- Ол дегеніміз: жүректің ишемиялық ауруы, артериялық қан қысымы, қант диабеті, глаукома, сүт безінің қатерлі ісігі, жатыр мойнының қатерлі ісігі және коллоректалді қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында скринингтік тексеру ерлер мен әйелдер арасында 30 бен 70 жас аралығында, 40 пен 70 жас және 50 мен 70 жас аралығында әрбір аурудың мөлшеріне сәйкес жүргізіледі. Соның ішінде жатыр мойнының қатерлі ісігі төрт жылда бір рет және жоғарыда атап өткен басқа дерттерге бір-екі жылда бір рет жүргізіледі. 

- Бұл скринингтік тексеру қалай жүргізіледі және оны кім жүзеге асырады? 

- Сіз өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңыздағы емханаңызда аймақтық дәрігеріңіз және медбикеңіз арнайы жоспар құрады. Ол жоспарда әрбір науқас тегі бойынша жоспарға кіреді. Яғни сізді бірінші үш кезеңнен тұратын тексеруге шақырады. Бірінші кезең – тексеруалды кезеңі. Сізге емханаңыздан хабарласып, сізді тексеруге шақырады. Емханаға келгеннен кейін сіздің жасыңызға сәйкес белгілі бір тексеріс түрін, мысалы, қатерлі сүт безі ісігіне тексерісті немесе ультрадыбыстық тексерулерді жүргізеді. Бұл – екінші кезең. Ал соңғы үшінші кезең – тексеріс нәтижесін ала отырып, сізді арнайы маманға жібереді. Мысалы, маммолог, онколог немесе кардиолог маманына жолдама беруі мүмкін. Осы мамандардың жіті қарауынан кейін сіздің тексеру нәтижеңізге сүйене отырып, диагноз қойылып немесе диспансерлік есепке алу туралы не сіздің денсаулық тобыңызды анықтау арқылы тексеруді аяқтайды. Бұл тексеріске жататын науқастардың барлығы диспансерлік есепте тұрмайтын науқастар. Яғни бұл халық арасында ауруды ерте алдын алу үшін жасалатын жұмыстардың бірі. 

Осы скринингтік тексеруге жататын тағы бір түр – вирусты гепатит «В» және «С» жұқпасының алдын алу мақсатында арнайы топтар тексеруге жатқызылады. Бұл біріншіден, медициналық қызметкерлер. Соның ішінде қанмен байланысты, қан орталықтарымен және қан құю орталықтарында жұмыс жасайтын мамандар. 

Екіншіден, стоматологиялық, гинекологиялық, акушериялық, хирургиялық көмек көрсететін мамандар. 

Үшіншіден, егер шұғыл немесе жоспарлы түрде оперативті емге жататын науқастар. 

Төртіншіден, жүкті әйелдер және бесіншіден, арнайы бір өмір сүру образына сәйкес АИТВ жұқпасын жұқтырған науқастар міндетті түрде В және С тексерісіне жатады. Бұл жасалып жатқан жұмыстар халық арасында аурудың алдын ерте алуды мақсат тұтқан. 

- Скринингтен өту елдің әр азаматы үшін тегін ғой?

- Профилактикалық қарап-тексеру және скрининг бойынша медициналық көмек ТМККК және МӘМС бойынша көрсетіледі. Яғни учаскелік дәрігердің қабылдауы ТМККК шеңберінде жүргізіледін. Сондықтан бәрі ақысыз әрі сақтандырылған тұлға мәртебесі қажет емес. Алайда пациентті консультациялық-диагностикалық қызметтерге, мәселен кардиолог, эндокринолог және офтальмологтың консультациясы, талдаулар алу, рентгеннен өту немесе қандай да бір басқа тексерулерден өтуге жіберу үшін түлғаның сақтандырылған мәртебесі болу керек. Өйткені бұл қызметтер МӘМС жүйесінде көрсетіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры скринингтік зерттеулерге жыл сайын қаржы бөліп отырады.

Кімге және қандай скринингтік тексеруден өту қажет?

- 30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау мақсатында скринингтен өтеді. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану жөнінде ұсынымдар беріледі.

40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі және дене салмағының индексі анықталады.

30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика - (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу, бейінді мамандардың консультациясын алады.

40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырын ерте анықтауға - екі проекцияда маммографияға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы жүргізіледі.

50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тесттің көмегімен колоректалдық обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді немесе қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика - жаппай бейне колоноскопия, оның ішінде наркоз, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистологиялық зерттеу арқылы мамандардың консультациясын алады.

- Скринингтен өтерде нені ескеру қажет?

- Көңіл күйіңізге, денсаулығыңызға ешқандай шағым болмаса да, скринингтен міндетті түрде өту қажет. Профилактика – сіздің денсаулығыңызды қорғаудың маңызды әдістерінің бірі. Бүкіл әлемдегі медицина қазір дәрігерлердің, мемлекеттің ғана емес, азаматтардың өздерінің де денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті көтеруге шақырады. Сондықтан жасына қарай жасалынатын тексерулерді өткізіп алуға болмайды.

Әдетте, пациент тіркелген емхананың учаскелік медбикесі оны скринингтен өтуге шақырады. Алайда сіз ол жерге жеке куәлігіңіз қолыңызда болса, өздігіңізден хабарласа аласыз.

Әрбір емханада скринингтік кабинеттер құрылған, онда дәрігер өмір салты мен тамақтану рационы, зиянды әдеттердің, тұқым қуалайтын аурулардың болуы туралы сұрақтар қояды, бойын, салмағын, қан қысымын өлшейді, қандағы қант пен холестерин деңгейін тексереді. Содан кейін қажет болған жағдайда пациент қосымша тексеруге немесе бейінді маманның кеңесіне жіберіледі. Жүргізілетін іс-шаралар тізбесі скринингтік зерттеу түріне байланысты болады.

- Скринингтен өтерде жұмыс орнынан демалыс алуға болатынын көбі біле бермейді. Сол туралы нақтылап айтып өтсеңіз...

- Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте қызметкерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін жыл ішінде 3 жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс берілетінін білу маңызды, Яғни жұмыс беруші өз қызметкерін оның лауазымы мен орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтен өту үшін қызметкерін еш кедергісіз босатуы керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы