Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ДДСҰ әрі Қатерлі ісікті бақылау жөніндегі халықаралық агенттіктің өкілі доктор Андреа Карвальо «Өкпе қатерлі ісігі. Озық шешімдер» тақырыбында өтіп жатқан онлайн халықаралық конференцияда айтты.
Шетелдік сарапшы төмен дозалы компьютерлік томография көмегімен өкпе қатерлі ісігіне скрининг өткізудің тиімділігі жайлы баяндады.
Қазіргі таңда өкпе рагынан болатын өлімді азайтудың бірден-бір жолы оны ерте кезеңде анықтау болып отыр. Скрининг жүргізілгенде қатысушылардың 50-70%-де ісіктің І сатысы анықталады. Сондықтан осындай скринингті тексерістерді кешенді түрде өткізу қажет. Ол үшін төмен дозалы компьютерлік томография қолданылады. Мәселен, 2020 жылы осындай скринингтің арқасында өкпе рагының І сатысында – 58,6%, ІІ сатысында – 9,3%, ІІІ сатысында – 9,9%, ІV сатысында – 9,4%-ы анықталған. Көріп отырғандарыңыздай рактың 70 пайыздайы І және ІІ сатысында анықталған, бұл емдеуге жататын кезең, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша АҚШ-та қазір кешенді скрининг бағдарламасн енгізілген, ал Ұлыбритания енді енгізіп жатыр. Басқа елдер әлі жоспарлау үстінде. Мәселен, Қазақстан мен Беларус қай бағдарламаны енгізген жөн деп пилоттық бағдарламаны енгізіп жатыр екен.
Айта кетсек, Алматыда «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақстандық онкологтар қауымдастығы» ҚБ-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференцияға Италия, Түркия, Испания, Ресей, Белоруссия және Қазақстанның онкологиялық орталықтардың сарапшылары қатысып жатыр.