Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО полицейлері интернет-алаяқтық жасауда күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айында СҚО Қызылжар ауданының полиция бөліміне Прибрежное ауылы тұрғынынан интернет-алаяқтықтың құрбанына айналғаны жөнінде өтініш келіп түскен. Ол «Toyota Highlander» автокөлігін сатып алғысы келгенін, ғаламторда бір миллион теңгенің тиімді ұсынысына тап болғанын айтқан. 2020 жылдың желтоқсанында 350 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасаған, кейін түрлі рәсімдерге ақша қажет деген соң, үстінен қосып тағы аударған. Шығын сомасы 888 мың теңгені құраған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-б. 4-тармақшасы (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті – Қостанай қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталды.
Аталған факті бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде процестік шешім қабылданатын болады. Естеріңізге саламыз: ғаламторда сауда жасаған кезде, сақтық танытқан жөн. Серіктесіңізге күмәндансаңыз, алдын ала төлем жасауға келіспеңіз. Алаяқтар мен жауапсыз кәсіпкерлердің құрбанына айналуыңыз әбден мүмкін. Дүниежүзілік желіде қаржы операцияларын жасаған жағдайда қырағылық танытуды сұраймыз, – деп түсіндірді Қызылжар ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Пётр Климов.Сондай-ақ полицейлер қандай жағдай болса да, бөгде адамдарға жеке және қаржылық мәліметтеріңізді жолдамауға, жеке құжаттарыңыз бен банк карталарыңыздың суреттерімен бөліспеуге кеңес береді.