Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Солтүстік Қазақстанда су сапасымен қатар, 813 шақырым жол жөнделіп, жақсы жолдар үлесі 74 пайызға жеткен.
Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті.
2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жол желісін жөндеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. 813 шақырым жол жөнделді. Ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасты. 44 ауылға асфальт төселді. Биыл облыстағы жақсы жолдардың үлесі 74 пайызды құрады. 4 жылдан кейін бұл көрсеткіш 98 пайызға дейін көтеріледі. Жөндеу жұмыстары 2,1 мың шақырым жолды қамтиды. Бұл бағыттардың бойында 350 ауыл бар,-деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзінше, өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – сумен қамтамасыз ету.
2021 жылы бұл саланы қаржыландыру 1,8 есеге ұлғайтылды: 11,4 млрд теңгеге дейін. 49 елді мекенде ауыз су сапасы жақсартылды. Ауылдарда 159 шақырым желі тартылып, 3 мың отбасы орталық су жүйесіне қосылды. 11 мың адам тұратын 18 ауылды байланыстыратын Преснов топтық су құбырының екінші кезегі іске қосылды, -деп атап өтті Ақсақалов.
Сонымен қатар әкім алдағы 4 жылда 78 ауылдың су мәселесі шешілетінін және ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету 100 процентке жеткізетінін мәлім етті.