Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 140-тан астам курсанты алғаш рет онлайн режимде Отан алдында адал болуға ант қабылдады.
Аталған форматтағы ант қабылдау рәсімі санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында ұйымдастырылған. Салтанатты шара әскери институттың ресми сайтында және инстаграм аккаунтында көрсетілді. Әскери өмірге жаңадан қадам басқан перзенттері үшін маңызды сәтті ата-аналары онлайн-көрсетілім арқылы тамашалады.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери анттың әскери қызметшілер үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқтала келе, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.
Әскери қызметшінің саяси-моральдық, жауынгерлік қасиеттері – әскери антқа адал болуы, ержүректігі мен қырағылығы. Ант қабылдаған кезде жауынгер батыл болуға ант береді. Батылдық, ерлік дегеніміз – жауынгердің ең қиын, қауіпті жағдайларда да өз өмірі үшін қорқыныш сезімін жеңіп, өз Отанын қорғау үшін ерлік жасауға барғаны, - деді әскери оқу мекемесінің басшысы.Әскери институттың тізіміне қабылданғаннан кейін курсанттар бір ай бойы бастапқы әскери дайындықтан өтіп, ату, саптық және дене дайындығын жетілдірді, жалпыәскери жарғыларды меңгерді. Курсанттар алғашқы күннен-ақ әскери өмірге бейімделіп, сабаққа деген ерекше ықылас пен ынта-жігерлерін көрсете бастады.
Бүгін біз үшін ерекше қуанышты және салтанатты күн! Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушы деген мәртебеге ие болдық. «Курсант» деген абыройлы атқа лайық, антыма адал болатыныма сенімдімін, - деді өз қуанышымен бөліскен 1 курс курсанты Жанәділ Қамбаров.Ант қабылдаған сәттен бастап жас курсанттар ҚР Қарулы Күштерінің қатарына еніп, оларға Отан қорғау жауапкершілігі жүктеледі. Жас курсанттар Қазақстанның әр аймағынан және ТМД мемлекеттерінен білім алуға келген.