Өскеменнің тәртіп сақшылары балаларды қыдыртты

23 Маусым 2019, 10:45
2269
Бөлісу:
Өскеменнің тәртіп сақшылары балаларды қыдыртты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Өскемендегі «Шығыс Балдырған» балабақшасының бүлдіршіндерін этноауылға апарып қыдыртты. Балақайлар кешендегі хайуанаттар бағында болып, түрлі жан-жануарларды көрді. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

Ертіс өзенінің сол жағалауында орын тепкен этноауыл – облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны, ол облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың бір бөлігі болып саналады.

Атшаптырым аумақта облысты мекен ететін түрлі ұлттар мен ұлыстардың үй-жайлары, бірегей зообақ, әскери техникалар көрмесі, жайлы жағажай бар, сондай-ақ мұнда сирек кездесетін ағаштар мен өсімдіктер отырғызылған. Қаладағы отбасымен бірге таза ауада серуендеуге болатын таптырмас орындардың бірі – осы.

«Хайуанаттар бағы балаларға ерекше әсер сыйлады. Олар бұрындары тек экраннан ғана тамашалаған жануарлар мен құстарды өз көздерімен көріп, шат-шадымен болды, ал тәртіп сақшылары болса жеткіншектерге жануарлар туралы өздері білетін мағлұматтарды айтып берді», - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Балақайлар форма киген мейірімді ағаларына бірден бауыр басып кетті. Ұлдар полиция фуражкасын кезек-кезек киіп, өскенде полицей болғысы келетіндерін жеткізді.

Этноауылдан қайтқанда бүлдіршіндер тәртіп сақшыларымен қимай қоштасты. Балалардың риясыз күлкісі мен қуанышын көрген полиция қызметкерлері де бір сәтке ауыр жұмыстарынан сергіп қалғандарын жасырмады. Олар жас достарына тағы да келіп тұруға уәде етті.

Өзгелердің жаңалығы