Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендегі ШҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ғимаратында сотты болып, есепте жүрген тұлғаларды тіркейтін биометриялық терминал орнатылды.
Үлбі аудандық пробация қызметі есепте жүрген тұлғаларды тіркеуді жақсарту мақсатында облыстық прокуратураның бастамасымен Өскемен қаласындағы пробация қызметтерінің есебіндегі адамдарды келіп-кеткен сайын тіркеп отыратын арнайы құрылғыны ШҚО бойынша ҚАЖД ғимаратына орналастырды. Бұл терминалға сотталғандарды саусақ іздері арқылы анықтау үшін олар туралы барлық деректер енгізілген. Кіріп-шыққан сайын есептегі азаматтың келген күні мен уақыты тіркеліп отырады, – дейді Үлбі аудандық пробация бөлімінің инспекторы Назгүл Батырханова.
Жауапты тұлғаның айтуынша, компьютерлік бағдарламаға сотталған тұлғаның анкеталық деректері енгізіліп, арнайы сканер арқылы оның саусақ іздері сканерленеді. Ол келесі келгенде барлық деректер анықталып, әңгімелесу парағына түсіп тұрады.
15 минутқа созылатын профилактикалық әңгімелесуден соң сотталған азамат әңгімелесу парағына қол қойып, өзінің осы жерде болып қайтқанын тағы бір дәлелдейді.