Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемендегі бейнебақылау камераларының біріне дүкеннің сатушысына жасалған шабуыл түсіп қалыпты.
Бейнежазба Instagram әлеуметтік желісіндегі oskemenlive парақшасында жарияланған. Бұл туралы Аltaynews.kz сайты жазды.Лесхоз кенті, Орманды көшесі, 11. Ер адам дүкеннің сатушысын соққыға жықты. Оқиға 20 желтоқсанда сағат 23.15 кезінде болған. Дүкеннің қожайыны дер кезінде келіп, құтқарып қалмағанда, әйелді өлтіріп тастайтын еді. Айуандықпен соққыға жыққан екен. Оқиға орнына полиция шақыртылып, бейнежазба соларға берілді. Ер адам үш сағатқа ғана қамауға алынды, - деп жазады осы видеоны жариялаған әлеуметтік желінің қолданушысы.ШҚО ПД ақпаратына сүйенсек, сатушы әйелге шабуыл жасаған адам облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны екен. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Дүкеннің сатушысы мен оны соққыға жыққан ер адамның азаматтық некеде тұратыны белгілі болды. Енді оған жәбірленуші әйелмен байланысқа түсуіне уақытша шектеу қойылды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы әлі де анықталуда.