Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен тұрғыны букмекерлік кеңседен ашықтан-ашық 350 мың теңге алып кетті, деп жазады altaynews.kz.
Ол касса үстелінен асып түсіп, кассирге қолындағы сынық бөтелкемен қоқан-лоққы көрсеткен. Сөйтіп баса-көктеп 350 мың теңгені қалтаға басқан да, тайып тұрған.
Оқиға орынына полиция басқармасының ізкесуші тобы келеді. Сондай-ақ кеңсеге жақын аудандардағы барлық тәртіп сақшылары күдіктіні табуға жұмылдырылады.
"Іздестіру шарасы нәтижелі болды. 30 жастағы күдікті ұсталды. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 1-тарау 192-бабы бойынша («Тонау») іс қозғалды", - деді полиция басқармасының бастығы Дәуір Ибраев.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас жағдай 2 қыркүйек күні де болған еді. Бетін тұмшалаған екі адам кассирге қару кезеніп, кассадағы ақшаны алып кеткен болатын.
Олардың арада 9 күн өткенде ұсталғанын Дәуір Ибраев хабарлап, 400 мың теңге алғанын айтқан болатын.