"Six-Seven" деген не: Интернеттегі жаңа тренд ата-аналарды алаңдатты

TikTok-та кең тараған абсурд мемдер жасөспірімдердің жаңа қарым-қатынас формасына айналып барады.

 ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров Бүгiн 2026, 11:46
Бүгiн 2026, 11:46
208
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров

Соңғы уақытта TikTok пен әлеуметтік желілерде кең тараған «Six-Seven» тренді көп ата-ананы алаңдата бастады. Бірі оны мағынасыз әзіл деп қабылдаса, енді бірі балалар психологиясына әсер етеді деп қауіптенеді. Балалар психологы Сымбат Абдрахманова BAQ.KZ тілшісіне бұл феноменнің астарында жасөспірімдердің эмоцияны жеткізу тәсілі мен өз ортасына бейімделу қажеттілігі жатқанын айтты. 

 Six-Seven» феномені балалардың «бұзылып бара жатқанын» емес, қазіргі цифрлық дәуірдегі жасөспірімдердің қарым-қатынас ерекшелігін көрсетеді. Бүгінгі балалар мен жасөспірімдер өте үлкен ақпараттық ағынның, тұрақты эмоционалдық жүктеменің және әлеуметтік желідегі контенттің ортасында өмір сүріп жатыр. Осындай жағдайда абсурдтық юмор олардың эмоциялық жеңілдеу тәсіліне айналады. «6-7» сияқты мемдер логиканы қажет етпейді, дәл сондықтан олар қызық көрінеді. Бұл жасөспірімдерге өз қатарластары арасында «ортақ тіл» қалыптастырып, топқа тиесілі екенін сезінуге көмектеседі, – деп түсіндірді балалар психологы.

Маманның айтуынша, даму психологиясы тұрғысынан мұндай құбылыс жасөспірім кезеңіне тән қалыпты процесс саналады. Бұл жаста қатарластарының қабылдауы мен «өз ортасының» болуы бала үшін аса маңызды.

Бұрын мұндай рөлді ауладағы әзілдер, фильм сөздері немесе әндер атқарса, қазір оның орнын TikTok мемдері мен интернет-сленг басты, – дейді Сымбат Абдрахманова.

Сонымен қатар психолог мұндай феноменнің өзі психикаға қауіпті емес екенін және баланың интеллект деңгейінің төмендегенін білдірмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, балалар «мем тілін» күнделікті қалыпты қарым-қатынастан ажырата алады.

Мәселе тек ол оқу процесіне, тәртіпке немесе шынайы қарым-қатынасты толық ығыстыруға әсер еткен жағдайда туындайды, – дейді маман.

Сымбат Абдрахманова ата-аналар мен мұғалімдерге мұндай трендтермен күреспеуге кеңес береді. Оның пікірінше, ересектер неғұрлым қатты ашуланса, жасөспірімдер үшін бұл соғұрлым қарсылық пен ойын құралына айналады.

Оның орнына сабырлы қызығушылық таныту маңызды: «Саған бұл жерде не күлкілі?», «Достарың мұны қалай қолданады?» деген сұрақтар арқылы баламен байланысты сақтауға болады, – деп кеңес берді психолог.

Маманның сөзінше, мұндай интернет трендтер уақытша құбылыс. Біраз уақыттан кейін оның орнын басқа мемдер басады.

Бірнеше айдан кейін «Six-Seven»-нің орнына жаңа мем келеді. Ал бала мен ересек арасындағы сенімді қарым-қатынас оның психологиялық саулығына әлдеқайда маңызды әсер етеді, – деді Сымбат Абдрахманова.

Тағы оқи отырыңыз: "Мен басқалардан қалып қойдым ба?": Мектеп бітіру кеші психологиялық қысымға айналып бара ма? 

«Six-seven» тренді: Рим папасы жасөспірімдермен бірге танымал мемді қайталады

Наверх