Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Жусан" арнайы операциясымен Сириядан елге оралған қазақстандықтарға БАҚ арқылы терроризмді насихаттады деген айып тағылды. Бұл туралы прокурор Мұрат Еділ ДАИШ халықаралық террористік ұйымының бұрынғы 14 жауынгеріне қатысты ашық сот тыңдауында мәлімдеді.
"Сирияда қала маңында болған қарулы қақтығыстан кейін ИГИЛ ұйымы мүшелері жеңіліске ұшыраған. Өздерін "кәпір" санайтын төрт адамның басын кесіп алып, қала көшелерінің біріне жұрт үрейін тудыру мақсатында жеті тәулік бойы тастап қойған. Бұл әрекеттерімен олар көпшілік назарын қатыгездіктеріне аударып, олардың бойына қорқыныш-үрей сезімін тудыруды көздеген. Террористік топ мүшесі Жансеңгіров осы бастардың жанында тұрып, оны бірін аяғымен басып, қолына қаруын ұстап суретке түсіп, ғаламтор арқылы көпшілікке таратқан", - деп баяндады прокурор.
Сот сараптамасына сәйкес аталған фотодағы адам Жансеңгіров деп танылған. Жансеңгіров БАҚ-ты пайдалана отырып терроризмді насихаттаған. Қылмыстық Кодекстің 256-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасаған. Қылмыстық кодекстің 313-бабында көзделген қатыгездікпен күш қолдануды насихаттайтын бейнематериалды заңсыз таратқан.
"ДАИШ халықаралық террористік ұйымы содырлары жергілікті үкімет әскерімен болған соғыста жеңіске жеткендіктен террористік топ мүшелері Жансеңгіров пен Бақытжанов ұялы телефондарының бейнекамерасымен бейнеролик түсірген. Ол бейнероликте содыр Бақытжанов өздерінің аз адам шығынымен жеңіске жеткендерін мақтан тұтып, олардың жауларын ешқандай бекініс құтқара алмайтынын айтып, әскери киімдегі өліп жатқан адамдарды қаруларымен нұсқап, оны "кәпір" деп атап, "Аллаһтың қалауымен оған оқ тиіп өлгенін" айтқан", - деді Еділ.
Прокурор аталған бейнеролик мазмұнында терроризмді насихаттау мен діни алауыздықты қоздыру белгілері барын айтты. Сот сараптамасына сәйкес аталған бейнероликтегі адам Бақытжанов деп танылған.
Айыпталушылар адамдар қолымен діни алауыздықты қоздыруға бағытталған, діни алауыздықты насихаттайтын өзге де ақпаратты дайындау жолымен Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігі бойынша, адамдар тобымен терроризмге насихаттайтын материалды тарату мақсатында дайындалған Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша, Қылмыстық кодекстің 313-бабында көзделген қатыгездік пен күш қолдануды насихаттайтын бейнематериалды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз дайындалған қылмыстық бұзушылық жасаған.
Еске сала кетсек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық соты "Жусан" арнайы операциясы аясында елге оралған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының бұрынғы 14 жауынгеріне қатысты іс бойынша ашық сот тыңдауын өткізді.
Назерке Абибулла