«Сириус» тәжірибесі: Қазақстан білім беру жүйесіне қандай мүмкіндіктер ашады?

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің делегациясы «Сириус» федералдық аумағына жұмыс сапарымен барды

21 Шілде 2026, 16:19
АВТОР
 Оқу-ағарту министрлігі 21 Шілде 2026, 16:19
21 Шілде 2026, 16:19
186
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртуда халықаралық тәжірибені зерделеу маңызды бағыттардың біріне айналды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің делегациясы Ресейдегі «Сириус» федералдық аумағына жұмыс сапарымен барып, мектептік білім беруді ұйымдастырудың заманауи үлгілерімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі

Сапар барысында дарынды балаларды қолдау, педагогтерді даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және жоғары технологияларды білім беру үдерісіне енгізу мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Дарынды балаларды қолдаудың жаңа моделі

«Сириус» бүгінде дарынды балаларды ерте анықтау және олардың қабілетін жүйелі дамытуға бағытталған бірегей білім беру ортасы ретінде танылған. Оның ерекшелігі – мектеп, ғылым, жоғары білім және инновациялық өндірістің өзара байланысын қамтамасыз ететін экожүйе қалыптастыруында.

Қазақстандық делегация үшін осы модельдің жұмыс істеу тетіктері ерекше қызығушылық тудырды. Себебі талантты балаларды анықтау мен олардың әлеуетін дамыту еліміздің білім беру саясатының да басым бағыттарының бірі саналады.

Теория мен тәжірибені ұштастырған білім беру

Сапар барысында делегация «Сириус» білім беру орталығында, Президент лицейінде, ғылыми-технологиялық университетте, колледжде және заманауи зертханаларда болды. Бұл білім беру ұйымдарының басты ерекшелігі – оқушылардың мектеп қабырғасынан бастап ғылыми жобалармен айналысуына және нақты технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік беруі.

Әсіресе жасанды интеллект, робототехника, ғарыштық технологиялар, биомедицина және басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша оқыту тәжірибесі қазақстандық мамандардың назарын аударды. Мұндай бағыттар еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлаудың негізін қалайды.

Мұғалімнің жаңа рөлі

Жұмыс сапары барысында педагог кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Заманауи білім беру жүйесінде мұғалім тек білім беруші ғана емес, зерттеуші, тәлімгер әрі оқушының жеке білім траекториясын қалыптастыратын маман ретінде қарастырылады.

Семинарлар мен стратегиялық сессияларда білім беру процесін тиімді ұйымдастыру, педагогтердің кәсіби дамуы, зерттеу мәдениетін қалыптастыру және басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Басқарудағы тиімділік және бюрократияны азайту

Кездесулер барысында білім беру ұйымдарын басқарудың заманауи тәсілдері де сөз болды. Сарапшылар басқарушылық шешімдерді цифрландыру, мектептердің академиялық дербестігін арттыру және мұғалімдердің қағазбастылық жүктемесін азайту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Бұл мәселелер Қазақстан үшін де өзекті. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарындағы артық есептілікті қысқарту және педагогтердің уақытын оқыту сапасын арттыруға бағыттау бойынша бірқатар реформалар қолға алынған.

Қазақстан үшін қандай мүмкіндік бар?

Халықаралық тәжірибені көшіру мақсат емес. Ең маңыздысы – әр елдің ұлттық ерекшелігі мен білім беру жүйесінің қажеттіліктерін ескере отырып, тиімді модельдерді бейімдеу.

«Сириус» федералдық аумағына жасалған жұмыс сапары осы тұрғыдан маңызды тәжірибе алмасу алаңына айналды. Дарынды балаларды қолдау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру бағытындағы тәжірибе Қазақстанның білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етуі мүмкін.

Білім мен ғылымның, инновация мен технологияның өзара ықпалдастығына негізделген мұндай тәжірибе алмасулар еліміздің адами капиталын дамытуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Наверх