Нұр-Сұлтанда синтетикалық есірткі өндірген зертхана жойылды

23 Қараша 2019, 16:09
2906
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда синтетикалық есірткі өндірген зертхана жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полиция қызметкерлері жеке секторда "жылдамдық" және "Амфетамин" деп аталатын синтетикалық есірткі жасап, сатуға дайындаған зертхананы анықтады.

Есірткі өндірісін Екібастұз қаласының тұрғыны ұйымдастырған.

Күдікті жалға алған тұрғын үй-жайды тінту кезінде синтетикалық есірткі өндіру үшін пайдаланылатын химиялық заттар, психотроптық заттар салынған колбалар, химиялық формулалар жазылған дәптерлер, өлшеу таразылары мен газқағарлар, сондай-ақ есірткі дайындау кезінде қолданған жеке химиялық қорғау костюмі алынды.

Сондай-ақ, жедел қызметкерлер сатуға дайындалған 1500-ден астам бір реттік есірткі мөлшерін алды.

Мамандар синтетикалық есірткі өндіру кезінде химиялық реакциялардың ерекшеліктеріне байланысты өздігінен жану, жарылыс қаупі бар екенін атап айтты. Бөлінетін күйдіргіш газ адамның денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін.

Сондықтан зертхананы жоюды ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері химиялық қорғау киімдерімен жүзеге асырды.

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол жалға берушіге өткір иісті автомобильдерге бояу жасайтындығымен түсіндірген.

Өз "тауарын" есірткі өткізуші көтерме сауда партияларымен қалада тыып қалдыру әдісімен интернет арқылы сатқан. Мәселен, тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қалалық зираттан 315 грамм есірткі заты тәркіленді.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды. "Есірткі заттарды, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату" ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, онда мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қылмысқа қатысушыларды анықтау және ұстау бойынша жедел - іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Өзгелердің жаңалығы