Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Синоптиктер ертең Алматы мен 17 облыста дауылды ескерту жариялады

Кеше, 23:28
177
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Ертең, 11 желтоқсанда Алматы мен 17 облыста қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің болжамынша, тәуліктің екінші жартысында Түркістан облысының таулы аудандарында көктайғақ болып, төменгі боран күтіледі. Облыстың оңтүстігінде тұман түседі, ал жел 15-20 м/с, асуларда 23-28 м/с дейін күшейеді.

Жамбыл облысында көктайғақ пен тұман болжанады. Солтүстік-шығыстан соққан жел 15-20 м/с, кей жерлерде 23-30 м/с дейін жетуі мүмкін. Таулы өңірлерде қар мен боран күтіледі.

Жетісу облысының таулы аудандарында да көктайғақ, тұман және боран болады. Алакөл жағалауында желдің екпіні 23-28 м/с дейін күшейеді.

Маңғыстау облысында түнде кей жерлерде қалың қар жауады, көктайғақ пен тұман күтіледі. Жел 15-20 м/с дейін жетеді. Ақтауда да көктайғақ болады.

Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде түнде көктайғақ күтіледі.

Алматы облысында тұман, көктайғақ, таулы аймақтарда қатты жел болжанады. Түнде солтүстік бөлігінде 25 градусқа дейін күшті аяз күтіледі. Қонаевта да жолдарда көктайғақ болады.

Алматы қаласында көктайғаққа байланысты жолдарда сақ болу ескертіледі.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде қар, боран және көктайғақ болады. Желдің күші 15-18 м/с.

Қызылорда облысында күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ және боран күтіледі. Жел 15-20 м/с, кей жерде 25 м/с.

Қарағанды, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында да қар, боран, тұман және 15-23 м/с дейін жел болжанады.

Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында тұман түседі, кей аумақтарда жел 15-20 м/с дейін жетеді.

Ақмола облысында түнде және таңертең оңтүстік және шығыс аудандарда тұман болады. Желдің екпіні 15-20 м/с.

Синоптиктердің айтуынша, бірқатар өңірлерде ауа температурасы -25°С дейін төмендеп, аяз күшейеді.

Өзгелердің жаңалығы