Qazaqstan30: Сингапурда Тәуелсіздік күніне орай дөңгелек үстел өтті

16 Қазан 2021, 15:28
11606
Бөлісу:
Qazaqstan30: Сингапурда Тәуелсіздік күніне орай дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сингапурдың жетекші ақыл-ой орталығы – Сингапур Университеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы Қоғамдық саясат мектебінің қамқорлығымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Гибридті форматтағы іс-шараға Сингапурдың және Қазақстанның ресми тұлғалары мен сарапшыларының бір тобы, Сингапурда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері, сондай-ақ Сингапур қоғамдық саясат мектебі, Назарбаев Университет және Стэнфорд университеттері сияқты жетекші халықаралық ақыл-ой орталықтарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстанның Сингапурдағы елшісі Аркен Арыстанов өткен 30 жылдық кезеңдегі еліміздің тарихындағы негізгі оқиғаларына қысқаша шолу жасады. Қазақстанның аса маңызды жетістіктерінің қатарында ол жаңа елорданың салынуы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дүстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен Еуразиялық экономикалық одақты құруды қоса алғанда бірқатар ірі халықаралық және өңірлік бастамаларының табысты іске асырылуын, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүшесі ретіндегі табысты жұмысын және алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымының Министрлік конференциясына төрағалық етуін атап өтті, - делінген хабарламада.
Іс-шараның модераторы – Сингапур қоғамдық саясат мектебі деканының орынбасары Франческо Манчини қазақстандықтарды еліміздің мерейтойымен құттықтады.
Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан Орталық Азияның ең индустриалды дамыған экономикаларының біріне айналып, сондай-ақ өз өңірінде ғана емес, жаһандық ауқымда да дипломатиялық көшбасшы болып, Шығыспен және Батыспен нәтижелі қарым-қатынасты сақтай отырып, таңғажайып саяхат жасады, - деді ол.

Қазақстанның басты жетістіктерінің қатарында Сингапурдың Қазақстандағы елшісі Зулькифли Бахарудин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи шешімін белгілеп, бұл батыл қадам қазақстандықтар мен бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқанын атап өтті.

Жалпы мерейтойлық іс-шара бірқатар елдердің қалың жұртшылығының және студент жастардың шынайы қызығушылықтарын тудырды.

Дипломаттар мен Сингапурдың ақыл-ой орталығының сарапшылары дөңгелек үстелге қатысушылардың Қазақстанның реформалар жолында одан әрі алға басуының, тұрақты даму тұжырымдамасы аясында Қазақстан экономикасының жекелеген салаларының дамуының перспективалары қатысты пікірлері мен болжамдары туралы бірқатар сұрағына жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы