Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Украинаның және Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілерімен кездесті.
Министр әуелі Украинаның Қазақстандағы Елшісі Петр Врублевскийді қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың негізгі аспектілерін, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Украина комиссиясының 14-ші отырысына дайындықты, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі және COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрестегі өзара іс-қимылды талқылады.
Тараптар екі ел арасында берік саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Мұхтар Тілеуберді Түркияның Қазақстандағы Елшісі Уфук Экиджиді қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы пікір алмасып, COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрестегі табысты өзара іс-қимылды қанағаттанушылықпен атап өтті.
Тараптар көпжақты форматтағы серіктестіктің өзекті мәселелерін және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жолдарын қарастырды.