ШЫҰ - Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымымен Қазақстанның ықпалдастығы туралы айтып берді.
Соңғы жылдары әлемдік және өңірлік проблемаларды шешудегі тиімді көпжақты тетіктердің рөлі тұрақты түрде артып келеді. Туындаған сындар мен қауіптерге тиісті жауап беру үшін нақты тексерілген тәсілдер қажет. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Шанхай ынтымақтастық ұйымы мұны көрсетіп келеді, - деп айтты Тумыш.
Оның айтуынша, ШЫҰ негіздерін бірінші жағынан Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан, ал екінші жағынан Қытай қалаған болатын.
Олар осыны екі құжат шеңберінде жасады. Біріншісі - «Шекара ауданындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы» атты Шанхай келісімі, ал екіншісі - «Шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы» атты Мәскеу келісімі. Осы екі құжаттың аясындағы уағдаластықтар 2001 жылғы маусымда Шанхайда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары тарапынан жаңа бірлестік – ШЫҰ құру туралы тарихи шешімін қабылдауға сындарлы үлесін қосты, - деп айтты Сыртқы істер министрінің орынбасары ОКҚ-да.
Тумыш атап өткендей, ШЫҰ - Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі. ШЫҰ-ның жасампаз күн тәртібі әлемдік саясатты дамытудың қазіргі турбулентті жағдайларында барынша сұранысқа ие. Бүгінгі таңда ортақ күш-жігеріміз халықаралық құқықтың үстемдігі, БҰҰ Жарғысы негізінде жан-жақты, тең құқылы және сындарлы көпжақты ынтымақтастыққа бағытталған.
ШЫҰ әскери блок емес, ұйымның ашықтығы мен ешкімге қарсы бағытталмауы оны әрі қарай дамытудың негізгі қағидаттарының бірі болып қала береді, - деп түсіндірді ол.