Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан азаматын Украина әскері тұтқындаған видеоға қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз Украинаның құзыретті органдарынан Қазақстан азаматтарын ұстау немесе Украина аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысуы туралы ресми ақпарат алған жоқпыз. Бұл ретте, өздеріңіз білетіндей, мұндай әрекеттер ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Қозғалыс еркіндігі – Қазақстан азаматтарының ажырамас құқығы. ҚР заңдарына сәйкес қызметтік міндеттерін орындауға, қылмыстық жауапкершілікке, сот шешімдерін орындауға және т.б. тиісті себептерге байланысты ҚР шегінен тыс жерлерге шығуға бірқатар шектеулер бар. Мемлекет соғыс қимылдары өтіп жатқан немесе өмірге басқа себептермен қауіпті болса, мұндай аумақтарға бармауға тек кеңес бере алады. Бірақ мұндай жағдайларда да таңдау құқығы азаматта қалады және оның салдары үшін өзі жауап береді, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Сонымен қатар ол Қырым сияқты осындай аумақтарға бару Украинаның заңнамасымен тыйым салынуы мүмкін екенін ескертті.
Украина тарапы Еуропалық одақ мемлекеттеріне бұзушының Шенген аймағына кіруіне тыйым салу туралы өтініш жасауға да құқылы. Украина билігінің рұқсатынсыз Қырым аумағына және басқа да даулы аумақтарға барған қазақстандықтар Украинаның басып алынған аумақтардың мәртебесі туралы заңын бұзушылар болып табылады. Осыған байланысты оларға Украинаның да, Батыс серіктес елдердің де санкциялары қолданылуы мүмкін. Кейбір жағдайларда қылмыстық қудалау және халықаралық іздестіру мүмкін, - деді Айбек Смадияров.