Қазақстанда ұялы телефон нөмірін рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді SIM-карталар дүкенде сатылмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған байланысты BAQ.KZ редакциясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдады.
Сауалда: "Ақпарат кеңістігінде SIM-карталарды дүкеннен сатып алу тәртібі өзгеретіні, яғни болашақта олар тек қазақстандық тіркеу жүйесі арқылы рәсімделетіні туралы хабарланды. Министрлік бұл бастаманы қолдай ма, оның мақсаты мен тиімділігі қандай?" деген сұрақ қойылған.
Заңға Президент қол қойды
Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, SIM-карталарды рәсімдеудің жаңа тәртібі азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. 2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойған. Құжат ресми жарияланған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.
Түзетулер азаматтардың дербес деректерін қорғау, байланыс қызметтерін тіркеу процесін нақтылау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
SIM-карталарды тіркеу тәртібіндегі өзгерістер
Аталған заң аясында SIM-карталарды тіркеу рәсіміне қатысты бірқатар өзгерістер көзделген:
- GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелуге, тіркеуге, өткізуге және қолдануға шектеу қою;
- GSM-шлюздерді әкелу, тіркеу, іске қосу және қолдану қағидаларын бекіту;
- Ұялы байланыс абоненттерінің биометрикалық сәйкестендіру арқылы рәсімделуі;
- Абоненттік құрылғылардың сипаттамасын сәйкестендіру;
- Санкцияланбаған трафикті (фрод) анықтау және алдын алу бойынша байланыс операторларына қойылатын талаптар.
Мақсат – байланыс желілерін заңсыз және алаяқтық мақсатта пайдалануды болдырмау, азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау және киберқылмыстардың, интернет-алаяқтық пен терроризмнің алдын алу, - делінген Цифрлық даму министрлігінің жауабында.
Бірыңғай тіркеу жүйесі енгізіледі
Жаңа тіркеу тәртібі келесі бағыттарды қамтиды:
- Азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға, байланыс қызметтерін қауіпсіз әрі әділ алуға мүмкіндік береді;
- SIM-карталарды тіркеу рәсімі бірыңғай ұлттық тіркеу жүйесі арқылы біріздендіріліп жүзеге асады;
- Байланыс операторларының ішкі antifraud жүйелерімен өзара әрекеттесуді және фрод-трафикті бұғаттауды күшейтеді.
Бұл шаралар азаматтардың тіркелу рәсімін жеңілдетіп, байланыс қызметтерінің қауіпсіздігін арттырады және алаяқтық әрекеттердің жолын кесуге ықпал етеді.