Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко АҚШ-тың Азия бойынша Халықаралық даму агенттігі (USAID) әкімшісі көмекшісінің орынбасары Анджали Каурмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар Қазақстан мен USAID арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, өңірлік сауда, жаңартылатын энергия көздері мен климаттың өзгеруі мәселелерін, сондай-ақ KazAID және USAID арасындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Америкалық тарап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын қолдайтынын, сондай-ақ USAID денсаулық сақтау, заң үстемдігі, экономиканы әртараптандыру, энергетика, қоршаған орта және т.б. салалардағы бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды жалғастыруға бейілділігін растады.
Анықтама: 1992 жылдан бастап USAID Қазақстанда кең ауқымды бағыттарды, соның ішінде экономиканы әртараптандыру, энергетика, экология, денсаулық сақтау, заң үстемдігі және т.б. салаларды қамтитын көптеген жобаларды іске асырды.