СІМ-де Қазақстан-Германия ынтымақтастығын арттыру жоспары талқыланды

22 Тамыз 2024, 03:19
403
Бөлісу:
СІМ-де Қазақстан-Германия ынтымақтастығын арттыру жоспары талқыланды
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Моника Иверсенмен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сұхбат барысында тараптар екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік сипаттағы өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Байланыстардың жоғары динамикасы аталып өтті. Бұған 2023 және 2024 жылдардағы аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар, сондай-ақ Қазақстан-Германия жұмыс топтары мен комиссияларының белсенді қызметі дәлел бола алады.

Р. Василенко Астананың Берлинмен тығыз диалогты одан әрі қолдауға, сондай-ақ ГФР-мен өзара тиімді сауда-экономика және ғылым-білім салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылысын растады.

Германия – Қазақстанның маңызды сауда-инвестициялық әріптесі. Былтыр ҚР-ГФР тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 41,3%-ға өсіп, 3,9 млрд АҚШ долларына жетті.

2005 жылдан бастап Германиядан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі шамамен 6,6 млрд долл. құрады. Германиядан Қазақстанға инвестициялар ағыны 2020-2023 жылдар аралығында үш есе өсті, - деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы