Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Сыртқы істер министрі орынбасары Әлібек Бақаевтың төрағалығымен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл кездесу Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген жастардың жобалары мен бастамаларына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге қатысты тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Жиынға Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында халықаралық ұйымдар деңгейінде қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделін ілгерілетуге бағытталған «Ассамблея жастары» РҚБ жастар жобаларының тізбесін анықтау, сондай-ақ жастар үшін халықаралық ұйымдардың білім беру, гуманитарлық және қоғамдық жұмыстарына қатысу жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелері талқыланды.
Бұл ретте «Ассамблея жастары» РҚБ-ның бірқатар бастамалары қаралды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы жылында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ЮНЕСКО басшылығының қатысуымен жеке көрме, конференция немесе дөңгелек үстел аясында ҚХА мен «Ассамблея жастары» жастар ұйымы қызметінің тұсаукесерін ұйымдастыру жоспарланды.
Сондай-ақ «Ассамбля жастары» РҚБ ұйымын ЮНЕСКО-ның Жаһандық жастар қоғамдастығының мүшелігіне енгізуге және ұйымның 2025 жылы ЮНЕСКО Жастар форумының жұмысына қатысуына көмек көрсету; ҚХА жастар өкілдерінің қатысуымен және Нью-Йоркте БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің Жастар форумы аясындағы «Ассамблея жастары» қызметінің тұсаукесері; халықаралық ұйымдардың жастар кеңестеріне қосу туралы ұсыныстар айтылды.